Көкшетауда оқушылар кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнін оқуды бастады
Көкшетаудың орта мектептерінде оқушылар кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнін оқи бастады, деп хабарлайды Хабар 24.
Әзірге мұндай сабақ облыс орталығындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушыларына сынақ ретінде өткізіліп жатыр. Ал алдағы жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептердің жоғары сынып оқушылары аптасына 2 рет осы пәнді оқитын болады. Қазірдің өзінде жасөспірімдердің бұл сабаққа деген қызығушылығы өте зор екен. Балаларға мұнда бизнестің бастапқы қадамдары, бизнес жоспар құрып, шығын мен пайданы есептей білу кәсіпкерлік нысанын ашып, қаржы нарығын бағамдау, тіпті отбасы бюджетінің есеп-қисабын жасау сынды тақырыптарда дәріс өткізіледі. Оқушылар тек мектепте теориялық білім алып ғана қоймай, кәсіпкерлік нысандарына шығып, тәжірибелік сабақтарына да қатысатын болады.
- Оқушылармен бірге осы Көкшетау қаласының бірнеше зауыт, фабрикаларына экскурсияларға бардық. Бірнеше оқу орындарына бардық және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, сол орталықтың жұмысымен таныстық, - деді кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнінің мұғалімі Анар Төлешова.
- Маған ең қызықты болған тақырып – бұл нарық. Нарық қатынастары. Себебі мен болашақта өзім кәсіпкер болғым келеді. Және де осы нарық жағынан кәсіпкер болғым келеді. Сонымен қатар біз осы сабақта тек ғана бизнес туралы ғана емес, сонымен қатар алға қойған мақсатқа еш қиындықтарға қарамай, дұрыс жету жолын да үйреніп жатырмыз, - дейді оқушы Жұлдызай Амангелдиева.