Бокс Олимпиада бағдарламасынан алынуы мүмкін
Халықаралық олимпиада комитеті боксты 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастауы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.
Себебі ХОК Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығындағы (AIBA) жағдайға алаңдаулы.
Оның жөні де жоқ емес. ХОК басшысы Томас Бах 2017 жылдың желтоқсанында AIBA-ның жұмысын сынға алып, әбір істе ашықтық керектігін баса айтқан. Оның алдында сенімсіздік вотумына байланысты бұл ұйымды 11 жыл басқарып келген Чинг-Куо Ву қызметінен өз еркімен кеткен болатын.
Сонан соң президенттің міндетін атқарушы қызметі вице-президент Франко Фальчинеллиге табысталған, алайда арада бірер ай өтер-өтпестен италиялық маман да міндеттен бас тартып еді, AIBA басшылығына өзбекстандық Гафур Рахимов келді. Дәл осы жайт ХОК-тің қарсылығын тудыртқан. Рахимов мырзаны АҚШ қаржы министрі өзінің еліндегі қылмыс әлемінің ең беделді әрі белді мүшесі деп атаған соң, ХОК бокс қауымдастығының басшылығына қатысты тергеуді бастады.
Бұдан бөлек ХОК тергеу аяқталғанға дейін AIBA-мен байланысын да тоқтатты. Мұның ішінде қаржылық қолдау да бар. Томас Бах бастаған ұйым өкілдері аталған қауымдастықтан басқарушы құрылымдар, қаржы және ішкі допингке қарсы жүйе жайлы толық мәлімет беруін талап етіп отыр.
«Боксты 2018 жылы Буэнос-Айресте өтетін Бүкіләлемдік жасөспірімдер ойындары мен 2020 жылы Токиода жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу мәселесін қарауды ХОК өз құзырына қалдырады, – делінген ХОК атқарушы комитетінің мәлімдемесінде. – Атқарушы комитет федерация басқармасының жүйесін тергеуді бастағанын растаймын. ХОК федерация тарапына төлемдер жасауды және федерациямен байланысты тоқтатты.
Ал AIBA болса бұл шешімнің орынсыз екендігін, сонымен қатар бұрынғы қателер қайталанбайтынына ХОК мүшелеренің көздерін жеткізуге тырысатындықтарын алға тартты.
Бахтың сөзіне қарағанда, ХОК федерацияда допингке қарсы ешқандай ілгерілеушілік байқамағанын, басшылықты сайлау секілді ішкі шешімдерге қатысты бірқатар сұрағы барын да жасырмады.
Барлық жаңалықтарды осы сілтемеден оқыңыздар