Шымкенттік жолаушыларға мызғып алуға жағдай жасалды
Кеше ғана айтып едік. Шымкентте не жоқ дейсіз бәрі бар деп. Соның тағы бір дәлелі. Шымкентте №60 А бағыттағы автобуста арқаңызды кеңге салып, еркін отыруыңызға болады. Барар жеріңізге жеткенше жұмсақ әрі жайлы диванда жатып көз шырымын алып алуыңызға да болады, деп хабарлайды okg.kz.
Бұл туралы алғашқылардың бірі болып фейсбуктегі парақшасында Гүл Советханқызы жариялаған еді. Біз №60А бағытындағы қоғамдық көліктің аялдамаларын санап көрдік. Ол «Шнос» аялдамасынан, яғни қаладағы мұнай-өндеу зауытынан бастап №99 мектептің, "Әскери комиссариат" аялдамаларына тоқтап, «Ақбар» базарынан «Ордабасыға» келеді. Орталық әмбебап дүкені мен ОҚМУ-дың аялдамасына да аялдап, «Құрсай» шағынауданына барады. Барлығы 47 аялдамаға барады екен. Яғни, "ШНОС" аялдамасынан мінген жолаушы "Құрсайға" жеткенше бір ұйықтап тұрады.
Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласына жақында 30 жаңа автобус жеткізілген болатын. Таяу күндері тағы да 70 автобус әкелінбек. Ал, №60А бағытындағы автобус ескі автобустар санатында.