Жаңалықтар тізбегі
0

Көкшетаулықтар ауызсуды сатып алып ішуде

Baq.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.03.2018 17:54 Baq.kz
Тұрғындардың пайымынша, су сапасының төмендеуінің негізгі себебі, су құбырлары желілері мен колонкалардағы судың уақытылы тазартылмауында.

Ауыз су жайы Көкшетауда айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе. Құбыр суы ішуге мүлдем жарамсыз. Шіріген құбырлармен келетін құрамында лай-қоқыстан басқа темірдің қалдықтары бар суды жұрт тек кір-қоңдарын жуып, тұрмыстық қажеттіліктерге ғана қолданады, деп хабарлайды Baq.kz аймақтық тілшісі.

Көкшетауға ауыз су "Шағалалы" және "Сергеевка" су қоймаларынан жеткізіледі. Тұрғындардың пайымынша, су сапасының төмендеуінің негізгі себебі, су құбырлары желілері мен колонкалардағы судың уақытылы тазартылмауында.

«Құрамында металы көп кранның суын қайнатып ішкенмен пайда жоқ. Содан су тазартқыш сатып алып жан сақтауға көштім. Су желілері әбден ескіріп, тозығы жеткендіктен, сумен бірге құбырдың езілген металы бірге ағады. Көкшетаудың әбден берекесін қашырған ауызсу мәселесін қашан шешілері белгісіз», - дейді қала тұрғыны Байбол Құсайынов.

«Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Светлана Дедкованың айтуынша, 2016 жылы су тазарту станциясының бір сүзгісі, 2017 жылы екі сүзгісі жөнделген. Су тазартатын кварц құмдары да ауыстырылған.

«Сергеев су қоймасынан ауызсу тазартылған күйінде жеткізіледі. Шағалалыдан алынатын су өзімізде тазартылады. Алайда тазартқыш станциясы 50 жыл бұрын салынғандықтан, ескірген күйде тұр. Сол себептен ауыз су жеткілікті деңгейде тазартылмай отыр», - дейді С.Дедкова.

Қалалық тұтынушылар құқын қорғау басқармасы мамандарының тексеру нәтижелері бойынша судың 60%-ы санитарлық талапқа сай еместігі белгілі болып отыр. Ал коммуналдық кәсіпорын басшылары тазарту станциясындағы зертханада ауызсу 100 % тазартылатындығын айтады.

«Көкшетау қаласы мен оның аумағын барлығы 299 шақырымдық желі ауызсумен қамтиды. 383 су колонкасы жұмыс істеп тұр. Егер ауы су санитарлық талапқа сай болмай шықса, су құбырына жөндеу, дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Зертхана қызметкерлері су сапасын үнемі бақылауда ұстайды», - дейді «Көкшетау су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Зейнұр Әлібеков.

Көкшетаулықтардың дені ауызекі тілде «Ескі ет комбинаты» деп аталатын аумақтағы Тумгоевтар отбасы тұратын үйден бұлақ суын тасып ішеді. Құдық басында су алған адамдардың кезегі үзілмейді.

«Үйіміздің жанынан құдық қазылғанына 20 жыл өтіпті. Әуелде біздің үйден көршілер ғана су алатын. Кейін қала тұрғындары да келе бастады. Атам Хамберт әкеме: «Ауызсуды ешкімге сатпа!» деп аманат еткен екен. Әкем ол аманатты бұлжытпай орындап келеді. Жұртшылық біздің үйдің суын ішіп, алғысын білдіріп жатса, біз үшін одан артық бақыт жоқ, - дейді осы әулеттің кенжесі Руслан Тумгоев.

Көлігі барлар қала шетіндегі «Бармашка» деп аталатын аумақтан бұлақ суын тасып ішеді, басқалар су тазартатын құрылғыларды пайдаланып, жан сақтауда.

«Өзім көпқабатты үйде тұрсам да, дәмі ерекше бұлақтың суын үнемі пайдаланамын. Ыдыс пен кір-қоңымызды жуғанымыз болмаса, хлор қосылған краннан аққан суды ішпеймін. Түсі де сап-сары, кейде дәмінен темір таты сезіледі. Күнделікті краннан ағызып ішіп отырған суыңызды тұндырып қойыңызшы, ыдыстың түбінде кәдімгідей тұнба пайда болады», - дейді зейнеткер Анатолий Воронин.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған болаттан құйылған су құбырлары мен канализация жүйелерінің пайдаланылу мерзімі 20 жыл екен. 1986 жылдан бері жөндеуді қажет етіп тұрған қаладағы су құбырлары жаппай ауыстыруды қажет етіп тұр. Мамандар бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – қаланың су желілерін түгел жаңарту екенін айтады. Ол үшін миллиардтаған теңге қаржы керек. Әзірге көкшетаулық «Ақ бұлақ» бағдарламасы осылайша бұлақтан су тасып ішу арқылы жүзеге асып жатқан жайы бар.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: