Қ.Бозымбаев: Қазіргі уақытта елімізді газдандыру деңгейі 47,4% құрайды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту» тақырыбында өткен үкімет сағатында ҚР Энергетика министрі Қ. Бозымбаев мұнай-газ саласының қазіргі жай-күйі және алдағы даму перспективалары туралы баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Мұнай өндіру секторында Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған мұнай-газ жобалары өсімнің драйверлері болып қалуда. Теңіз, Карашығанақ және Қашағанды кеңейту және одан әрі игеру бойынша жобалар орташа мерзімді кезеңде елдің экономикалық өсіміне елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді. Мұнай өндіру көлемі біртіндеп өсетін болады және 2025 жылға қарай жылына 104 млн.тонна деңгейіне жетеді", - деді министр.
Мұнай өңдеу саласында қазіргі уақытта Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталды. Нарықта мотор отындарына импортқа тәуелділік үлесі төмендеді.
2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталатын болады. Жылдың басынан бастап К-4 және 5 стандарттарына сәйкес келмейтін ЖЖМ-ны шығаруға тыйым салатын Кеден одағының Техникалық регламенті күшіне енді.
"Үш МӨЗ-де өнімділікті арттыру үшін техникалық жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде (ТОРО). Жөндеудің жыл сайынғы мерзімі 45 күннен 20 күнге дейін қысқарады, ал үш жылда бір рет 45 күнге тоқтатылатын болады. Бұл әрбір МӨЗ-де мұнай өңдеу көлемін жылына орта есеппен 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа МӨЗ-дің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зауыттың орналасатын жерін, параметрлері мен қаржыландыруды анықтау мақсатында а.ж. 1 шілдесіне дейінгі мерзімде алдын ала ТЭН-ді әзірлеу үшін Жұмыс тобы құрылды", - деді өз сөзінде Қ. Бозымбаев.
Қазіргі уақытта елімізді газдандыру деңгейі 47,4% құрайды, 1320 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. Өңірлерді дамыту трансферттері шеңберінде жыл сайын республикалық бюджеттен шамамен 13 млрд. теңге бөлінеді.
Мемлекет басшысының 5-ші әлеуметтік бастамасының арқасында Астана қаласы мен солтүстік өңірлерді газдандыру мәселесі шешілетін болады.
«Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы бойынша жобаны іске асыруды бастау ағымдағы жылдың шілдесіне жоспарлануда. «Қызылорда – Жезқазған - Қарағанды –Теміртау - Астана» бағыты бойынша 1-ші кезең 2019 жылдың желтоқсанына дейін аяқталады. Ұзындығы 1081 км 1-ші кезеңнің құны 267,3 млрд. теңгені құрайды.
ҚР Энергетика министрі мұнай-газ-химия саласын дамыту мәселелеріне назар аударды. Соңғы жылдарда мұнай-газ-химия өндірісін ұйымдастыруға жағдай жасау үшін заңнама айтарлықтай жетілдірілді.
"Полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна, құны 2,6 млрд. АҚШ доллары) және полиэтилен (қуаты жылына 1,2 млн.тонна, құны 6,5 млрд. АҚШ доллары) жобаларын іске асыру шамамен 9 млрд. АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде 10 000 және пайдалануға беру кезінде 1 000 жұмыс орны ашылады. 2025 жылға қарай жоғары қайта жасалған өнім шығару қазіргі 23 млрд. теңгеден 2025 жылға қарай 395 млрд. теңгеге дейін артады", - деді ол.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінде ірі мұнай компанияларының қатысуымен «Мұнай өнеркәсібін дамыту перспективалары» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.