Алматылық ғалымдар латын графикасын үйретуге арналған бағдарлама ойлап тапты
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары латын графикасын үйретуге арналған арнайы бағдарлама ойлап тапты. Ғылыми жоба Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталықтың ашылу рәсімінде алғаш рет таныстырылмақ, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Жоба атауы – «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары». Аталған жобаның арнайы бағдарламасында Android, iOS, Windows платформасындағы лингвистикалық сөздік, латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейне материалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулақтар бар. Сондай-ақ, латын графикасын үйрету үшін балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар енгізілген.
Ғылыми жаңалық Қыздар Университетінің базасында ашылатын Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі орталықта тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, орталықта оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған. Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалып, алдағы уақытта арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді.
– Жаңа заманның жастары өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әріпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа әліпби еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймыз, – деп атап өтті Қыздар Университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.