Талдықорғанда оқушы тікелей эфирде биік ғимараттан абайсызда құлап өлді
Талдықорғанда қараусыз қалған биік ғимараттан 15 жасар қыз құлап кетті. Жасөспірімнің қазасы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралды, деп жазады sputniknews.kz.
Оқыс оқиға қаладағы жағажайға жақын орналасқан салынып бітпеген қараусыз ғимаратта болған.
Белгілі болғандай, 7 маусым күні кешке қыз үш құрбысымен бірге иесіз ғимаратқа барған. Мектеп оқушылары өздерінің қараусыз қалған ғимаратта жүргенін әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсеткен. Сегізінші қабатқа көтеріле бергенде қыздардың бірі қараңғыда сүрініп кетіп, төменге құлаған.
Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі ақпаратты растап, қыздың қаза болу фактісі бойынша тексерісті Талдықорған ІІБ қызметкерлері жүргізетінін хабарлады.
Ведомство тергеу барысы облыстық ювенальды полицияның бақылауында болатынын атап өтті.