Павлодардың өндірістік аумағында орын алған өрттің мән-жайы анықталды
Павлодар қаласының солтүстік өндірістік аумағында орын алған төтенше жағдайдың салдарынан екі өрт сөндіруші зардап шекті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, автотұрақта жанармай құйылған пластик ыдыстар тиелген екі КамАЗ отқа оранған.
- Өрт сағат 19.45-те ауыздықталып, 20.23-те сөндірілді, - деді департаментте. - Қызыл жалын 45 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жау өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде 1,5 сағаттың ішінде өшірілді. Жанар-жағармайдың жарылып кетуі қауіпіне қарамастан, құтқарушылар өздерінің кәсіби міндетін абыроймен орындады.
Ведомствода қолданыстағы заңға сәйкес зардап шеккендерге қызметтік борышын өтеу барысында жарақат алғаны үшін өтемақы төленетінін атап өтті.
- Қызметтік міндетін атқару барысында облыстық өрт сөндіру қызметінің екі қызметкері зардап шеккен, - деді баспасөз қызметінде. Олардың бірі - 1974 жылы туған азаматтық қорғаныс прапорщигі, екіншісі азаматтық қорғаныстың 1991 жылғы кіші өрт сөндіру сержанты. Өрт сөндірушілердің беті мен қолдарын күйік шалған. Алдын ала болжам бойынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт сөндіру ережелерін сақтамау төтенше жағдайдың туындауына алып келген. Оқиға орнына 40 өрт сөндіруші мен облыстық өрт сөндіру қызметінен алты мамандандырылған техника жұмылдырылған.
«Өрт сөндіруші» АҚ-нан 29 қызметкер мен сегіз техника, медициналық апаттар орталығынан үш медициналық қызметкер жұмыс істеді.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, оқиға орнына медициналық апаттар орталығынан № 5 және № 8 бригада жеткен кезде сырттағы өрт сөндірілген, алайда цистернаны ашқанда жарылыс болған.
- № 1 өрт сөндіру бөлімі маманының беті мен қолдарын, оң жақ аяғын 15 пайыз термикалық күйік шалған. № 1 өрт сөндіру бекеті қызметкерінің аяқтарының буындары сынған. Бетінің екі пайызы күйіп кеткен.
Ақбота Сейсенбаева