Данияр Елеусінов Сондерстің бокс кешінде айқасады
![ҚазАқпарат, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.09.2018 15:25](https://kaz.zakon.kz/pbi/WEBP/2023-12-20/file-833e3862-adde-4076-8125-0818306bc1e6/800x452.webp)
Данияр Елеусіновтің (3-0, 1 КО) мүддесін ұсынатын Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы оның кәсіби рингтегі төртінші айқасы туралы жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Елеусінов 20 қазанда Бостонда (АҚШ, Массачусетс штаты) жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы әзірге белгісіз. Геннадий Головкиннің әлеуетті қарсыласы - орта салмақтағы WBO чемпионы Билли Джо Сондерс (26-0, 12 КО) пен Деметриус Андраде (25-0, 16 КО) хедлайнер болады.
«Дауыл Бостонға қарай бара жатыр... #СондерсАндраде #ҚазақКүрсілі», - деп жазды Matchroom Boxing туиттерде.
Еске салайық, Данияр Елеусінов соңғы айқасын 4 тамызда өткізген еді. Ол Кардиффте (Уэльс) венгриялық Габор Горбичты (26-12, 16 КО) ұпай бойынша жеңген болатын.