Данияр Елеусінов 6 маусымда венгр боксшысымен жұдырықтасады

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды. Boxrec ақпараты бойынша отандасымыз 6 маусым күні венгр боксшысы Габор Горбичпен жұдырықтасады, деп хабарлайды Хабар 24.
Жекпе-жек Лондондағы «York Hall» аренасында өтеді. Астана уақытымен түнгі (6-нан 7 маусымға қараған түні) 01:55-те басталатын кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Жартылай орта салмақта өтетін кездесу 6 раундқа жоспарланған.
Габор Горбич кәсіпқой бокстағы мансабын 2012 жылы бастаған. Осыған дейін 35 жекпе-жек өткізген. 24 кездесуінде жеңіске жетіп, 11 рет ұтылған. 8 бірдей елде шаршы алаңға шыққан. Соңғы рет 21 сәуір күні өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіріп, төрешілер шешімімен есе жіберген. Ал Шахрам болса Риодағы Олимпиада ойындарының финалында Даниярдан жеңілген болатын.