Қазақстанда шылым шегуге арналған орындар пайда болады
Алдағы уақытта елімізде шылым шегуге арнайы бөлінген орындар пайда болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ұлттық экономика және денсаулық сақтау министрліктерінің бірқатар бұйрықтарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, өзгерістер “Темекі шегу үшін арнайы бөлінген орындардың құрылысына және ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар” санитарлық ережелері мен нормаларына қатысты болмақ.
Темекі тартуға арнайы бөлінген орындар тиісті санитарлық ережелерге сәйкес жабдықталуы тиіс екен. Мұндай орындар есігі жабылатын жеке ғимаратта орналасуы керек. Онда желдету құрылғысы, күлсауыт немесе арнайы урналар қойылады. Урналар құммен және өзге де жанбайтын, сіңіргіш заттармен толтырылады.
Бұйрық 15 қазанда жарияланған және 21 күн ішінде қолданысқа енетін болады.
Сонымен қатар, ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексі жобасында барлық қоғамдық орында шылым шегуге тыйым салу көзделгені туралы айтылады. Кодекс жобасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
-Білім беру ұйымдарында, сонымен қатар қоғамдық орындарда;
-денсаулық сақтау ұйымдарында;
-қоғамдық тамақтандыру пункттерінде;
-кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, байқау және көрме залдарында, спорт ареналарында және жаппай демалысқа арналған басқа да жабық ғимараттарда;
-музейлерде, кітапханаларда және лекторийлерде;
-жергілікті және алыс қатынастағы поездардағы әуе, теңіз және өзен көліктеріндегі, сонымен бірге қалалық, қалааралық автобустарда, маршруттық таксилерде және қалалық электр көлігіндегі белгіленбеген орындарда;
-әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында; мемлекеттік органдар мен ұйымдарда; жұмыс орны саналатын бөлмелерде;
-үй подъездерінде темекі тартуға тыйым салынады, – деп көрсетілген аталмыш құжаттағы “Темекі өнімдері мен алкогольді тұтынудың профилактикасы мен оны шектеу” бабында.