Данияр Ақышев: Ұлттық Банкінің 2019 жылғы негізгі мақсаты – инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру
Қазақстан Ұлттық Банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастырады. Қазақстан Ұлттық Банкінің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру болады. Бұл дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерін индекстеу өлшемдерін есептеген кезде пайдаланылды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында баяндама жасаған кезде айтып берді деп жазады zakon.kz.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы инфляциялық процестерді реттеу үшін басым түрде ақша-кредит саясатының пайыздық арнасы қолданылатынын атап өтті. Бұл Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізгі құрал болып табылатынын білдіреді, ол мөлшерлеме ақша нарығындағы мөлшерлемелер дәлізін айқындайтын болады. Ұлттық Банк елде қалыптасып отырған және күтілетін инфляция мөлшеріне, сондай-ақ төлем балансының жай-күйін айқындайтын сыртқы факторларға байланысты мөлшерлеме көлемін белгілейтін болады.
«2018 жылғы 9 айда инфляция 3,3% болды. 2018 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның өсу тәуекелдерін төмендету үшін 15 қазанда базалық мөлшерлеме 9%-дан 9,25%-ға дейін ұлғайтылды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Д. Ақышев.
Оның айтуы бойынша, Қазақстан Ұлттық Банкі шекаралар, дәліз немесе басқа бағдарлар белгілеместен, өзгермелі айырбастау бағамының режимін сақтайды.
«Айырбастау бағамы негізінен елдің төлем балансына байланысты ахуалға қарай, яғни ел нарығына шетел валютасының әкелуі мен әкетілу балансының әсерімен қалыптасады деп санаймыз. Бұл сыртқы күйзелістерді барынша азайтуға және біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін тез арада түзетуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Д. Ақышев бастапқы деректер бойынша 2018 жылғы 9 ай ішінде Қазақстанның төлем балансының айтарлықтай жақсаруы орын алғанын да атап өтті. Өткен жылы 4,6 млрд АҚШ долларын құраған ағымдағы шот тапшылығы 0,9 млрд АҚШ долларына дейін немесе 5,4 есе төмендеді. 2018 жылғы 3-тоқсанда ағымдағы шот тапшылығы барлығы 0,1 млрд АҚШ долларын құрады, ол соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіш болып табылады.
«Біз жуырдағы жылдары ағымдағы шот тапшылығының мөлшерін азайту үрдісінің сақталуын күтеміз, ол ұлттық валютаның бағамы үшін теріс факторларды барынша азайтуды болжайды. Айырбастау бағамы үшін қысқа уақыттағы тәуекелдер әлемдік қаржы нарықтарындағы белгісіздік және негізгі сауда әріптестерінің елдері валюталарының бағамдары бойынша ахуалдың нашарлауы болып табылады», - деп хабарлады ол.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы атап өткендей, валюта нарығындағы теңге бағамы 2018 жылдың басынан 30 қазан аралығында бір АҚШ доллары үшін 368,55 теңгеге дейін 10,9%-ға әлсіреді. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Бұл АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы және Ресейге қарсы санкциялардың болашақта қатаңдатылуы туралы мәлімдеу.
«Аталған бағамдық саясат алтынвалюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері қыркүйектің соңында 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 86,3 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Д. Ақышев.
Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкінің 2019 жылы қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Банктердің тәуекелі жоғары саясат ахуалына жол бермеу мақсатында Қазақстанда 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіледі. Тиісті заң және қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Капиталдандыру деңгейіне және тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар күшейетін болады, әсіресе тәуекелі жоғары саясатты жүргізетін банктер үшін.
«Банк секторын қалыпқа келтіру және реттеу мен қадағалауға жаңа тәсілдерді енгізу банктердің салымшылары үшін тәуекелдерді біршама азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балансты нашар кредиттерден тазарту және капиталдандырудың өсуі салдарынан банктер кредиттеуді жандандырды», - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы.
Д. Ақышевтың айтуы бойынша, 9 айда берілген жаңа кредиттердің көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26%-ға немесе 2 трлн теңгеге ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиясынан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алусыз, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 7% немесе 816 млрд теңге болды. Кәсіпорындарға теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы қыркүйекте 12,2%-ға дейін төмендеді.
«Елден ақшаны әкетуге қарсы күреске бағытталған шаралар да күшейтіледі. Атап айтқанда, Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігі арасында валюталық бақылау мақсатында ақпараттық өзара әрекет етуді кеңейту жоспарланып отыр», - деп атап өтті ол.
Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы Ұлттық Банк үшін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ерекше басым салаларды кредиттеуді қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмаларын іске асыру негізгі басымдық болады деп хабарлады.
«Азаматтарды қолжетімді мөлшерлемелер мен мерзімдер бойынша қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін «7-20-25» бағдарламасын іске асыру жалғасады. Біздің бағалауымыз бойынша, банктердің 2019 жылы кредиттерінің өсуі 10%-дан астам болуы мүмкін», - деді Д. Ақышев сөзін қорытындылай келе.