Тараздағы қоғамдық көліктерде жол ақысы қымбаттай ма
Тараз қаласында жолаушы тасымалдаумен айналысатын мекеме басшылары жол жүру тарифін көтеру бойынша ұсыныс білдірген, деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Алайда ұсыныс негізінде нақты шешімдер қабылданған жоқ. Алдымен жолаушылар айналымын айқындау мақсатында хронометраж жүргізілетін болады. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жәнібеков мәлімдеді.
Аталған іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, жұмыссыздыққа тіркелген азаматтарды тарту арқылы жыл соңына дейін қаладағы барлық маршруттық автобустарға жүргізіледі. Бұл өз кезегінде тасымалдаушы мекеменің табыстары мен шығыстарын айқындайды.
Бақытжан Оразалыұлының мәліметінше, бүгінде Таразда 10 компания жолаушылар тасымалымен айналысады. Автобус паркі 670 автобустан тұрады. Олардың 30%-ы 7-12 жыл жұмыс істеген, 4,7% маршруттарға 3-7 жыл болды, соңғы 3 жылда автобустардың 25,8%-ы жаңартылды.
Сондай-ақ, жолаушылар айналымы (тасымалданған адам саны) анықталғаннан кейін, ҚР Көлік және коммуникация Министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 бұйрығымен бекітілген тұрақты қалалық жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес, қайта есептеледі. Есеп нәтижесінде ғана нақты шешім қабылданады.
Тағы бір жаңалық. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында қалалық бағыттардағы автобустарға электронды билеттендіру жүйесін енгізу жоспарланып отыр, бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде басталып кеткен. Қазіргі таңда компаниялардың қаржылық ұсынымдары әзірленуде.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта қалалық маршруттардың жұмыстарына рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Еске сала кетейік, қалалық мәслихат депутаттарының 2017 жылдың маусым айындағы келісімімен қоғамдық көлік тарифінің соңғы рет көтерілуі бір сапарға 55-тен 65 теңгеге дейін болған еді. Ал 2016 жылы тасымалдаушылар Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен ардагерлеріне, Чернобыль апатын жоюшыларға және қоғамдық көлікте еркін жүру құқығына ие болған басқа да топтарға жеңілдіктерді жою туралы талап етті. Содан бері қалалық автобустар жолаушылардың, оның ішінде университет пен колледж студенттері үшін жеңілдік тарифін жойды. Қазіргі таңда оқушылар үшін жол ақысы 30 теңгені құрайды.