Украина билігін еліміздің "Сергек" жүйесі қызықтырып отыр
"Электрондық демократия", "ашық бюджет" және "электрондық сатып алу": Украина билігі Киевті "ақылды қалаға" айналдырудың реформасын жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Киев қаласы қолайлы және қауіпсіз мегополис құруда өзара тәжірибе алмасатын болады. Әсіресе украиндықтарды Астананың "Сергек" жобасы қызықтырып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz "Хабар 24" арнасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
"Kyiv Smart City" жобасын қала әкімшілігі 3 жылдан бері жүзеге асырып келе жатыр. Жоба ең алдымен, жемқорлықпен күресуді көздейді. Айталық, "ақылды қала" аясында "ашық бюджет" саясаты – қоғамның қолдауына ие болған. Кез-келген қала тұрғыны қандай да бір әлеуметтік нысанның қаражат және құрылыс жұмыстарымен таныса алады. Сондай-ақ, тұрғын қалаға қатысты қандай да бір мәселені "электрондық демократия" не болмаса "электрондық петиция" сайтында жариялай алады. Егер осы адамның көтерген проблемасын 10 мыңнан астам қала тұрғыны қолдаған болса – қала билігі мәселені тез арада шешуге міндеттеледі.
Юрий Назаров, Kyiv smart city жобасының үйлестірушісі:
- Ақылды жоба жүйесін енді бастағанда, ең алдымен, биліктің ашық жұмысын қамтамасыз еткіміз келді. Осы идея негізінде "ашық бюджет" жобасы қолға алынды. Киев тұрғыны қала бюджетінің электрондық нұсқасымен таныса алады. Мысалы, ол мектептің құрылысына қала бюджетінен қанша ақша бөлінді, қандай құрылыс компаниясымен келісім жасалды, қандай тауар сатып алынды, қандай қызмет түрі көрсетілді деген сұраққа толық жауап ала алады.
"Смарт сити" саясаты аясында жүзеге асқан "Электрондық сатып алу" жұмысы да жемқорлықтың тамырына балта шапқанға ұқсайды. Бұл реформаның нәтижесінде, мемлекеттік сатып алудың барлық түрі электрондық жүйеге көшкен, тендер мен аукцион ашық өткізіледі.
Юрий Назаров, Kyiv smart city жобасының үйлестірушісі:
- Киев және қалалық әкімшіліктің сатып алуға қатысты құжаттарын электрондық нұсқаға көшірдік. Әкімшілік құзырында 1800 салалық бөлімшесі жұмыс жасайды. Арасында, метрополитен сияқты мемлекеттік ірі нысан бар. Сатып алуды электрондық жүйеге көшірудің нәтижесінде 100 млн доллар қаражатты үнемдей алдық.
Биыл Киев қалалық әкімшілігі мен қазақстандық "Астана Innovations" - ақылды қала құру жолында өзара тәжірибе алмасын болады. Киев әкімшілігін әсіресе, Қазақстанның "Сергек" жобасы қызықтырып отыр.
Юрий Назаров, Kyiv smart city жобасының үйлестірушісі:
- Бізді Астана қаласында жүзеге асқан видеобақылау жүйесі қызықтырады, мұндағы бақылау екі сатыдан тұрады. Фото және видео фиксацияның арқасында, жол ережесін бұзған жүргізуші камераға ілігеді. Осы жобаны биыл Киевте жүзеге асырсақ деп жоспарлаймыз.
Қазіргі күні Киевте 7 мың камера бақылау орнатылыпты. Украина ұлттық полициясының ақпараты бойынша өткен жылы осы камералардың арқасында 2,5 мың қылмыс түрі ашылып, көлік ұрлау 30 пайызға азайған екен. Астананың "Сергек" сияқты жобасы Киевте орнатылғаннан кейін жол көлік оқиғасы мен адам өліміне әкелетін жағдайлар айтарлық азаяды деп үміт артып отыр украиналық смарт сити жобасының жетекшілері.