Алматыдағы G-wagen-нің қатысуымен болған ЖКО: кінәлі жүргізуші 10 жылға сотталды
Алмалы аудандық сотында актриса Шолпан Елгезекова, оның құрбысы Динара Хамитова және жүргізуші Бақытнұр Қанапияұлы қаза тапқан ЖКО қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сот үкіміне сәйкес G-wagen жүргізушісі 1985 жылғы Ильяс Кар ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол жүру ережесін бұзу), 347 (ЖКО орнынан кетіп қалу) бабы бойынша айыпты деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол өз жазасын қауіптілігі ең төменгі деңгейдегі (қоныс аудару колониясы) колонияда өтейтін болады.
Ол сонымен қатар 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сот сондай ақ оны қаза тапқандардың отбасыларына моральдық шығын ретінде үш миллион теңгеден төлеуді міндеттеді.
Ал Кардың өзі айыбын жартылай ғана мойындады. Ол сотта қаза тапқандардың отбасыларынан кешірім сұрады.
Жан түршігерлік жол апаты 29-желтоқсан күні Алматыда орын алған болатын. Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында екі автокөлік қақтығысады. Джипті тізгіндеген Ильяс Кар апат орнынан бой тасалап, тек 30-желтоқсан күні өз еркімен полицияға келген. Аталған жол апатының нәтижесінде жеңіл автокөлікте отырған үш адам ажал құшты. Оның ішінде қазақстандық актриса Шолпан Елгезекова бар. Mitsubishi-де қаза тапқан келіншектің қасында тағы бір актриса - Айзада Сатыбалдиева болған, ол аман қалды, бірақ әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Ол пікір таластан алдын арыз жазып, сотталушыға бас бостандығынан айырмау жазасын беруді сұрады.
Полицияның мәліметінше, тергеу барысында G-wagen жүргізушісінің мас болғаны анықталды. Бірақ іс сотқа аталған бапсыз түскен. Дегенмен сот үкімінің жазбаша бөлігінде сотталушының сол күні түнде спирттік ішімдік ішіп, сосын мас күйінде рөлге отырғандығы көрсетілген. Соттың ойынша, Кардың қан құрамында алкогольдің болмағанын көрсеткен сараптама нәтижесі айтарлықтай әсер етпейді, себебі қан алу шарасы ЖКО соң 39 сағат өткеннен кейін жасалған. Сот мас болуы дерегі жазаны ауырлататын айтты.