Алматыда жоғалған жігітті ең жақын досы өлтірген болуы мүмкін
Алматы облысында жоғалып кеткен Вакил Мамедовты досы өлтірген болуы мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Іле ауданы, Чапаев ауылының 22 жастағы тұрғыны 5 күн бұрын ұшты-күйлі жоғалған болатын. Марқұмның мәйіті алыстан емес, ауылының іргесінде жатқан болып шықты. Басты күдікті ретінде Вакил Мамедовтың жан досы тұтқындалып, тергеу басталды.
Аядай ғана ауылдағы кісі өлімі көптің жағасын ұстатып отыр. 5 тәуліктен бері Вакил Мамедовті іздеу жұмыстарына еріктілерден өзге ауыл халқы да жұмылдырылған болатын. Бүгін 22 жастағы жігіттің өлі денесі туған ауылының іргесінен табылып отыр. Бір қызығы іздеу жұмыстарына қатысқан күдікті де солардың арасында жүріпті. Яғни, сыныптасы өзінің жан досын өлтіріп, түк болмағандай кейіп танытқан.
Айдың-күннің аманында ұлынан айырылған Мамедовтер отбасы азалы. Бір аптадан бері сары уайымға салынған анасы Әмина суыт хабардан есін жия алар емес. Полицейлер тұңғышы Вакилдің мәйітін 6 тәуліктен соң тауып отыр. 22 жастағы марқұмның досы Евгений басты күдікке ілініп, дереу ұсталды. Әкесі Әли Мамедов олардың тай құлындай тебіскен достар екенін айтып, болған жайтқа сенгісі жоқ.
Әли Мамедов, марқұмның әкесі:
- Женя баламның сыныптасы. Үнемі біздің үйге келіп жүретін. Вакил екеуі бір дастарханнан ас ішті. Ұлым жоғалған күннен бастап күдігім соған түсті. Себебі, қолының бір саусағы кесілген. Дәкемен орап алыпты. Женя қылмысты бір өзі жасаған жоқ. Кінәлі адамдар заңмен қатаң жазаланса деймін.
Күдікті еш шіміркпестен жоғалып кетті деген досын іздеуге атсалысқан. Қылмыстың ізін суытып, өз айыбын жасыру үшін оқиға желісін ойдан құрастырған. Марқұмның досы ұялы телефон сатады. Вакил оған 70 мың теңге берешек көрінеді. Қарызын 4 мамырға дейін төлеймін деп қолхатта көрсеткен. Вакил жоғалған 22 ақпан күні екі достың өзара жанжалдасқанын сырттай көргендер бар. Досының айтуынша, Вакил одан 2 мың теңге сұраған.
Гүлмира Қараманова, анасының құрбысы:
- Ол баланы 2 күн машинамда тасып жүрдім. Тәуіпке дейін апардым. Жан досымды іздеймін деп қасымызда жүрген. Парақшаларды таратты.
Әли Мамедов баласы жоғалған күні үйінің жертөлесінен Вакилдің бір уыс шашы мен музыка тыңдайтын құлаққабын тапқан. Бір жамандықты сезген әке жүрегі ұлының досынан бекер күдіктенбеген сыңайлы. Қазір ол қамауға алынып,тегреу жүріп жатыр.
Серік Үпиев, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
- Қылмысқа қатысы бар деген күдікті Іле ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторында қамаққа алынды. Сараптамалар тағайындады. Тергеу ісі облыстық тергеу басқармасының бақылауына алынды.
Жұбы жазылмайтын достардың арасындағы келіспеушілік неден басталды? Әзірге, оған нақты жауап жоқ.
Ал Вакилді туыстары кеше ақтық сапарға шығарып салды.