Қыздар университетінде жас ғалымдардың ғылыми жобалары таныстырылады
"Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы". Осындай атаумен отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан хабарлады, деп жазады Zakon.kz.
Қазақстан жас ғалым-педагогтары Қауымдастығының бастамасымен 9-10 сәуір күндері ұйымдастырылатын алқалы жиынға еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары және ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметкерлері қатысады деп күтілуде.
– Жастар жылына орайластырылған кеңесте жас ғалымдар қазақ филологиясы және әлем тілдері, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, ақпараттық технологиялар, математика, физика, педагогика және психология, химия, биология, география, экология, өнер және мәдениет бағыттары бойынша ғылыми жаңалықтары мен ізденістерін көпшілік назарына ұсынбақ, – деп атап өтті Жандар Асан.
Сонымен қатар шара аясында Education and Scientific Talks ұйымдастырылады.
Конференция соңында ғылыми жобасы үздік деп танылған жас ғалымдар марапатталмақ.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан жас ғалым-педагогтары бірінші республикалық слеті қарсаңында отандық жас ғалым-педагогтардың Қауымдастығы құрылған болатын. Мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру.
Құрылтайшысы Қыздар университеті болып табылатын ұйым бүгінде бірнеше жобаларды жүзеге асыруда.