Бергей Рысқалиевтің 100 млн доллардан астам ақшасы тәркіленеді
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің шетелдегі шоттарында сақталған 100 млн доллардан артық қаражаты тәркіленбек, деп хабарлайды Zakon.kz "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы айтты. Қайрат Сұнтаевтың сөзінше, қашқын әкім мен оның туыстарының Андоррадағы банк шоттарында 14 млн, ал Швейцарияда 90 млн долларлары бар.
Қайрат Сұнтаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы:
– Атырау облысы мен басқа да өңірлерде 170 жылжымайтын мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ, ағайынды Рысқалиевтерден заңсыз тапқан 12 млрд теңге өндірілді алынды. Мемлекетке тигізген зияны үшін 3 млрд теңге өтеусіз алынды.
Еске салайық, Бергей мен ағасы Аманжан Рысқалиев 2012 жылы Қазақстаннан қашып кетті.
Экс-әкім 72 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған. Биыл қаңтар айында оған сырттай үкім шығарылып, 17 жылға сотталды.
Ал сәуір айында Бергей Рысқалиевтің Лондонда қыдырып жүрген видеосы интернетті шарлап кетті.