Жамбыл облысының әкімі арыстықтарға көрсетіліп жатқан көмек туралы айтты
Бүгін Түркістан облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов брифинг өткізді. Онда орын алған жарылыстан зардап шеккендерге облыс тарапынан ұйымдастырылып жатқан көмек туралы баяндалды.
Айта кетейік апат орын алған күні 24-26 маусым күндері Жамбыл облысының Жамбыл, Луговое және Шу станцияларында 11 жолаушы пойызы тоқтаған болатын. Ондағы жолаушыларға облыс тарапынан тиісті жағдай жасалды. Теміржол станцияларында тәулік бойы медицина қызметкерлерінен 4 бригада кезекшілік ұйымдастырылып, медициналық қызмет көрсетті. Вокзал маңындағы мектептер мен қонақ үйлерден төсек орындар әзірленіп, тамақтану пункттері ашылды.
Сондай-ақ, 25 маусымда Тараз қаласына Арыс қаласының («Һибатулла Тарази» мешітіне) 134 тұрғыны жеткізіліп, орталық мешітке жайғастырылған. Оларға жергілікті билік пен тұрғындар тарапынан барлық керекті жағдайлар қарастырылып, ыстық тамақ, жатақхана, монша, медициналық көмек ұйымдастырылды.
Өңір басшысының айтуынша, 28 маусым күні Арыс қаласының 100 баласы «Болашақ» жазғы сауықтыру лагеріне және 10 бала «Тау самалы» лагеріне қабылданған. Қосымша тағы 12 бала қабылданбақ.
Зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында 4 қабылдау пункті ашылды. Онда жинақталған азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттар Арысқа жеткізілді. Жамбыл облысы арыстықтарға алғашқылардың бірі болып қол ұшын созып, бүгінге дейін барлығы 182 тонна гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтілген.
Ол ғана емес, тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңгеге қажетті дәрі-дәрмегімен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілген.
Сондай-ақ, брифингте Асқар Исабекұлы Арыс қаласындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою бойынша облыс тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
"Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, Жамбыл облысына 3-ші сектор бекітілді. Белгіленген аумақта 9 көшеде орналасқан 327 жеке тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүктелді. Қазіргі таңда, менің орынбасарымның басқаруымен тұрғын үйлердің ақаулық актілерін рәсімдеу үшін құрамында 70 адамы бар 9 мекеме жұмылдырылып, 28 маусымға 257 үйге тексеру жұмыстарын аяқтады",- деді облыс әкімі.
Бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 15 құрылыс фирмасы тартылып, 100 адам жұмыс атқаруда. Арыс қаласына аттанған Жамбыл облысының Штабы аталған сектордағы «Арасан шипажайының» аумағында орналасты. Штаб жұмысына 170-тен астам адам жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарына қажетті күштер мен құралдар толығымен жеткізілді.
Қазіргі таңда «Әулие Ата – Демеу» қайырымдылық қорына бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындардан қаржылар аударылуда. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты облыс тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмек жалғасуда.