Трамп АҚШ-тағы оқ жаудыру оқиғаларына қатысты мәлімдеме жасады
АҚШ-тағы көпшілікке оқ жаудыру оқиғалары психикалық ауытқумен байланысты нәрсе, деп мәлімдеді АҚШ президенті Дональд Трамп, деп хабарлайды Zakon.kz РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Ақ үй басшысы көпке оқ жаудырғандарды "қатты психикалық ауытқуға ұшырағандар" деп атады. Оның айтуынша, жаппай адамды қыру мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді, оған бір тоқтау болуы керек.
АҚШ-та өткен тәулікте көпшілікке оқ жаудырған үш оқиға орын алды. Алдымен, Техас штатындағы Эль Пасо қаласындағы Уолмарт сауда орталығына жасалған шабуыл салдарынан 20 адам қайтыс болып, 26 адам жарақат алды.
Бұл оқиғада оқ жаудырушы 21 жастағы американдық Патрик Крусиос ұсталды. Ол осы әрекетіне дейін Twitter-де наурыз айында Жаңа Зеландиядағы мешітте болған террористік шабуылды қолдайтын манифест жариялап, АҚШ-тың мәдениеті мен экономикасы мигранттардан зардап шегіп жатқанын жазған.
Одан кейін Огайо штатындағы Дейтон қаласында атыс болып, тоғыз адам қаза болып, тағы 26 адам жарақат алды. Бұл оқиғада адамдарға оқ жаудырушы 24 жастағы Коннор Беттстің өзі де және оның қарындасы да мерт болды.
Үшінші оқиға Чикагодағы ойын алаңында болды. Ол арада жеті адам жарақат алды. Қара Chevrolet Camaro мінген қаскөйдің ұсталғаны туралы, әзірге хабар жоқ.