"Барыс" сырт алаңда "Салават Юлаевты" ұтып, дивизионда көш бастады
Қазақстандық "Барыс" Уфаның "Салават Юлаевын" ұтып, ҚХЛ-дегі қатарынан үшінші жеңісін тойлады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Барыстың" бапкерлері "Северстальмен" болған ойыннан кейін құрамда екі өзгеріс жасады. Қақпаны қорғауға Эдди Паскуале шықса, ҚХЛ аясында соңғы 19 айдың ішінде бірінші рет мұз айдынынан Талғат Жайлауов көрінді.
"Барыс" бірінші кезеңде есеп ашты. Эрик Танрэйдидің керемет пасын пайдаланған Даррен Диц дәл соққы жасады. Алаң иелері екінші кезең аяқталар тұста есепті теңестірді.
Үшінші кезеңнің басында сан басымдығын оңтайлы пайдаланған Кертис Волк "Барысты" алға шығарды. Алаң иелері қанша тырысқанымен, сол күйі есепті теңестіре алмай кетті.
Қатарынан үшінші рет жеңіске жеткен "Барыс" Новосибирскке аттанды, жұма күні жергілікті "Сибирьмен" ойнаймыз.