Пара беру "дәстүрге" айналған ЖОО-лар тізімі шықты
Jas Otan сыбайлас жемқорлық бойынша көзге түскен жоғары оқу орындарының рейтингін жасады, деп хабарлайды Zakon.kz elorda.info-ға сілтеме жасап.
Nur Otan партиясының Орталық аппаратында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы болып, онда "Таза сессия" жалпыхалықтық акциясының аралық нәтижелері талқыланды. Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек акцияның қорытындылары туралы хабарлады.
Сонымен, Jas Otan белсенділері Қазақстанның барлық аймақтарындағы 15 мыңға жуық студент арасында анонимді сауалнама жүргізді. Студенттердің 12,8% жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық бар деп көрсеткен. Демек сауалнамаға қатысқан әрбір 8 студент білім ордаларында сыбайлас жемқорлықтың бар екендігін растайды және әрбір 12 студенттің пара бергені айқындалды. Сондай-ақ университеттерде емтихан тапсырып, диссертация қорғағаннан кейін дастарқан жаю және сыйлықтар беру т.б. «дәстүрге» айналған.
Сауалнама негізінде студенттер жемқорлық фактілері орын алады деп көрсеткен бес ЖОО рейтингі жасалды:
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті;
Атырау мұнай газ университеті; Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті;
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті;
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.