Zakon.kz сайтына 20 жыл толып отыр
1999 жылдың 6 желтоқсанында Zakon.kz сайтында алғашқы жаңалық жарияланды. 20 жылда біз орыстілді медиаресурстар ішіндегі ең танымал жаңалықтар сайттарының біріне айналдық.
Zakon.kz Қазнеттегі ең көп қаралатын сайттардың үштігіне кіреді. Тарихымыз қалай басталды, 20 жылдағы жетістіктеріміз қандай екенін оқырмандармен бірге еске алуды ұсынамыз.
Сайттың негізін қалағандар С. Киселев, Ю. Лоскутов және А. Галаншин. Басында бұл сайт – заңгерлер, экономистер, бухгалтерлер және басқа да мамандар өз саласына қатысты ақпарат алып, тәжірибе мен пікір алмасатын алаң болған.
20 жылдық жұмыстың жетістіктерін айқындайтын сандарды сөйлетсек:
- Дәйексөз келтіру индексі бойынша орыстілді ресурстар ішінде біз Қазақстанда бірінші орындамыз және әлем бойынша 33-ші орындамыз.
- 20 жылда шамамен 750 мың жаңалық, сұхбат, сараптамалық мақала, репортаж, кеңестер жарық көрді.
- Әрбір 10 минут сайын сайтта оқырмандарға пайдалы ақпарат жарияланады, тәулігіне орта есеппен 120 жаңалық шығады.
- Күн сайын таңертең 400 000 оқырман күнін сайтқа кіруден бастайды, сайттың аудиториясы – тәулігіне 2 млн қаралым.
- 20 жылда біздің оқырмандарымыз жаңалықтарымыздың астында төрт миллионнан астам пікір қалдырды. Бізді барлық құрлықта және әлемнің 4400-ден астам қаласында оқиды.
2015 жылы сайттың мобильді қосымшасы пайда болып, ол 600 000 рет жүктелген.
Трендтердің өзгеруі, мобильді интернеттің дамуы, оқырмандар пікірі – 20 жыл бойы біздің ұжымды сайтты үнемі жетілдірілуге ынталандырып келді.
Қызықты дерек: Zakon.kz ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатқанын хабарлаған әлемдегі бірінші сайт болды. Бұл жаңалық сайт тарихындағы ең көп қаралған мақала болды. Ол 2 000 000 астам рет қаралды. Сол күні сайт Қазақстандағы жаңалық тарататын ресурстар бойынша қаралым рекордын жаңартты – бір тәулікте 1,1 млн-нан астам адам кірді.
Біз оқырмандар үшін Қазақстан және әлемдегі маңызды жаңалықтардың ыңғайлы топтамасын жасаймыз.
229 жаңалықтар сюжетіне елдегі басты саяси оқиғалар, ақпараттық қолдау, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға қатысуы жайында ақпарат беру, сараптама, мамандар пікірі, қазақстандық спортшылар қатысатын спорттық жарыстар, елдегі ең ірі дау-дамайлар, ірі оқиғалар және маңызды әлем жаңалықтары кіреді.
Біздің сайтымызда Қазақстандағы жоғары лауазымды шенеуніктермен тұңғыш онлайн-конференциялар өтті.
2011 жылдың 15 шілдесінде сол кездегі ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен (қазір – ҚР ҰҚК төрағасы), 2012 жылдың 12 қаңтарында ҚР Тұңғыш Президенті қорының директоры Дариға Назарбаевамен (қазір – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы) және басқа да ірі лауазым иелерімен онлайн-конференция өтті.
2019 жылы Zakon.kz жылдың үздік жаңалықтар порталы ретінде "Үркер" сыйлығын алды. Сыйлық баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктер үшін беріледі.
Zakon.kz оқырмандары – Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайтын адамдар. Қоңыраулар, хаттар мен пікірлер, жылы лебіздер редакцияға күн сайын келіп түседі. Осы жылдар бойы бізбен бірге болғаны үшін оқырмандарымызға үлкен алғыс айтамыз. Біздің жетістіктеріміз – сіздердің арқаңызда!
Біз үнемі және 24/7 Қазақстан мен әлемде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермейміз! Бізбен бірге болыңыздар!