Қожамжаровтың куәлігін ұстаған Арман Иманбаев әкіреңдеп жүр
Біреудің көлігін қаққаны аздай, қалтасынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметтік куәлігін жарқ еткізіп, "еркекше ақшаңды төлей салайын" деген "батырдың" видеосы әлеуметттік желіде тарап кетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Куәлігіне қарағанда, бұл Иманбаев Арман Серікұлы, куәлік №018, Агенттік төрағасы Қожамжаровтың қолы тұр.
Видеоның авторы "сыбайлас жемқорықпен күресетін қызметкерден" спирттік ішімдіктің иісі мүңкіп тұрғанын айтып үлгереді.
Бұл сұмдықты естіген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жалма-жан жауап беріп, "ол қызметкердің бізге қатысы жоқ" деп, ат-тонын ала қашты.
- Тексеру барысында бұл оқиғаның 2019 жылдың 21 қарашасында Павлодарда болғаны анықталды, - деп хабарлады Агенттік өкілдері.
Бұл Арман – алаяқтық қылмысы үшін халықаралық іздеу салынған тұлға болып шықты. Өзінің сөзінше, әлгі куәлікті өртеп жіберген.
Қазір ол Алматы қаласында уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
Аталған азаматтың өзін құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырып, куәлігін көрсетуі бірінші рет емес. 2011 жылы ол ҚР ІІМ жалған куәлігімен жұртқа әкіреңдегені үшін сотталған болып шықты.
Агенттік қызметтік куәлік көрсету арқылы асыра сілтеу фактілері бойынша Call-center 1424 нөміріне хабарласуға кеңес береді.