Түркияда Түркістан облысының күндері өтті
Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркияда "Ыстамбұл қаласындағы Түркістан облысының күндері" шарасы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Жиында кәсіпкерлерге, туризм саласындағы мемлекеттік органдарға және БАҚ өкілдеріне Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылды. Сонымен қатар, туристік саланы дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікіралмасу, туристік өнімдерді әзірлеу және тасымалдау бойынша өзара іс-қимылдың тиімді тетігін қалыптастыру үшін B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.
Шара қортындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдар түзілді. Атап айтқанда: Түркістан облысының туризм басқармасы мен "TESIAD" Бурса бизнесмендер қауымдастығы; "Turkistan Tourism Center" туристік ақпараттық орталығы мен "POYD" Қонақ үй директорлары қоғамдастығы; "Turkistan Tourism Center" туристік ақпараттық орталығы мен "FCC Travels" туристік компаниясы және "Turkistan Tourism Center" туристік ақпараттық орталығы мен "Vip Voyage" туристік агенттігінің Ыстамбұл қаласындағы өкілдігі арасында Түркістан облысына 1000-нан астам туристерді тарту бойынша келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Түркістан облысы туризм басқармасының өкілі мен "Turkistan Tourism Center" туристік ақпараттық орталығының басшысы Ақтанәлі Исмаил мен түркітілдес мемлекеттер Кеңесінің жоба директоры Ерсин Айдоганмен кездесу өтті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, туризм саласындағы серіктестік, түркітілдес мемлекеттер Кеңесінің "Заманауи Жібек жолы" бірыңғай туристік маршрутын қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Кездесу нәтижесі бойынша түркітілдес мемлекеттер Кеңесі тарапынан Түркістан облысы туристік сала өкілдерін оқыту бойынша қолдау көрсетуге келісімге келді.