Планшет шығаратын зауытты сотталып келген атақты Борановқа бере салды
Еліміздегі атышулы зауыт бұрын сотталған адамның қолына өтіп жатыр. Тендерді басшысы бұрын екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған Ақтаудағы бір ЖШС ұтып алған. Бірінші ретінде ол полиция қызметкерін өлтіргені үшін сотталса, екінші ретінде ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде құрықталған. Бір қызығы, соңғы іс бойынша айыпталған сегіз адамның ішінде ол өзі жалғыз ақталып шыққан, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Аққу зауыты 2011 жылы дүркіретіп елге таныстырылды. Ол жылына 60 мыңнан астам планшет пен 80 мың теледидар мен монитор шығарады десті. Кәсіпорын Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бюджет есебінен салынды. Әрине, одан үлкен үміт күтілді, бірақ, өкінішке қарай, нысанның аты қылмыстық істерге байланысты жиі аталып отырды. 2013 жылы Қаржы полициясы 200 миллион теңгенің ұрланғанын анықтады. Зауыттың және нысан қарамағында болған Каспий ӘКК-нің бүкіл басшылығы сот залынан бір-ақ шықты. Өткен жылға дейін даулы кәсіпорынның директоры Нұрлыбай Аққұлов болған. Міне, кәдімгі бір кәсіпорынды басқара алмаған сол адам облыс әкімінің орынбасары болып, лауазымды қызметті қазір жақсы атқарып жүр екен", - дейцді телеарна тілшісі.
Серікбай Тұрымов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Мен Ақтау қаласының әкімі болған кезде ол менің орынбасарым болды. Оны білікті әрі жауапты мемлекеттік қызметкер ретінде білемін. Кейін екеуіміз екі басқа жұмысқа ауысып кеттік. Зауыттың айналасында шу шыққанда ол тек жалдамалы басшы болғанын түсіндірді. Қазір ол өз міндеттерін өте жақсы атқаруда. Осы жылдың басында Каспий әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы зауытты басқаға сеніп тапсыру арқылы басқаруға беру туралы шешім қабылдады. Тендер өткіздік. Нәтижесінде Ақтау қаласындағы ЖШС-нің бірі жеңімпаз деп танылды.
Жергілікті кәсіпкерлер бұл мәміленің шарттары коммерциялық құпия екенін айтады, бірақ, есесіне жеңімпаз компания директорының аты бүкіл елге танымал.
"Зауытты басқаратын серіктес фирма директорының аты-жөні - Арыстан Боранов. 2013 жылы ол Бейнеу аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тұрғанда әріптесін өлтіріп, 8 жылға сотталған. Алайда, 2015 жылы сот оны мерзімінен бұрын шартты түрде босатты. Екі жылдан кейін ол қайтадан жерасты казино құрғаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ретінде жауапқа тартылды. Бұл іс бойынша тағы 7 айыпталушы түрмеге қамалды, ал Борановты сот күтпеген жерден ақтап шықты", - дейді телеарна тілшісі.
Енді атышулы Боранов атышулы "Аққу" зауытының иесі болмақ. Кәсіпорын сатып алу құқығы бойынша берген. Ол қашан және қалай жекешеленетіні, әзірге белгісіз. Бірақ, есесіне зауытта бүкіл өркениетті әлем бас тартқан өнімдер өндіріліп шықпақшы. Ол - целофан пакеттер.
Серікбай Тұрымов, Маңғыстау облысының әкімі:
- Ия, бұл құрылыс материалдарын орауға арналған үлкен пластик пакеттер болады. Мысалы, цементке арналған. Зауыт еркін экономикалық аймақта орналасқан, сондықтан мұндай жобадан біз бас тартуға құқығымыз жоқ. Цех көптеген жылдар жұмыссыз тұрып қалды, бізде басқа амал болмады.
Бұл дегеніміз жақын күндері Аққу зауытының өнімдері өз атауы секілді қоқыс полигондарында желбіреп ұшып жүреді деген сөз.