Алматыда коронавирус жұқтырудың әзірге 7 расталған жағдайы тіркелді
Коронавирустың таралуына қарсы әрекет ету жөніндегі штаб Алматы қаласында 16.03.2020 жылға коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 7 зертханалық-расталған жағдайы тіркелгенін хабарлайды.
Алты науқас ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. Алматыға Германиядан ата-анасымен келген 2008 жылы туылған қыз әуе кемесінің бортынан балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жеке боксқа жатқызылды. Қазіргі уақытта қыздың жағдайы қанағаттанарлық. Айта кету керек, экипажды қоса алғанда, борттағы 12 адам әуежайдан оқшауланып, талдау алынды.
Коронавирус тіркелген 7 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Барлық пациенттер бекітілген хаттамаға сәйкес ем алады, вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия уақытында басталды.
Науқастармен байланыста болған азаматтардың барлығы провизорлық стационарларға 14 күндік карантинге орналастырылды.
Жалпы бүгінгі күні Алматы қаласында 676 адам карантинде жатыр. Алматы қаласының әкімдігі барлық азаматтарды, әсіресе, үй карантиніндегілерді осы жағдайда өзінің және басқалардың денсаулығы үшін барынша жауапкершілікпен және тілектестікпен қарап, санитарлық-гигиеналық ережелерді ұстануға, ауру белгілері байқалған жағдайда өзін-өзі оқшаулауға шақырады. Үй карантинінде жатқандар оқшаулану мерзіміне шыдаулары керек.
Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында төмендегі ережелерді ұстану қажет:
- Қолды жиі жуу және антисептик құралдарын пайдалану. Қолды сабынды пайдаланып әрбір жарты сағат сайын 20 секунд бойы жуу қажет. Егер жақын жерде қол жуатын шұңғылша, сабын болмаса, микробтарды өлтіруге әдеттегі антисептик көмектеседі. Дәріханадан сатып алынған кәдімгі спирт те болады. Егер оған аллергия болса, санитайзерді пайдаланыңыз.
- Бөлмені жиі желдетіңіз.
- Қоғамдық орындарға шығуды шектеу қажет.
- ЖРВИ мен тұмауға, денедегі әлсіздік, құрғақ жөтелге күдікті кезде емханадан дәрігер шақырту немесе жәрдем шақырту және маска тағу қажет.
- Қол алысуды және басқа да жақын қарым-қатынасты болдырмау.
- Иммунитетті нығайту.
Анықтама үшін тәулік бойы 1406 нөмірі бойынша Call-орталық жұмыс істейді.
Ресми ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желілерінің ресми парақшаларында қолжетімді.