Жамбылда волонтерлық штаб құрылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус COVID-19 пандемиясын жариялауына байланысты Мемлекет басшысы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізіліп, бірнеше қала карантинге жабылды. Бұл орайда еріктілер де қолдан келген көмектерін аямауда.
Жамбыл облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа өңірде волонтерлық штабтың құрылғанын жеткізді. "Әулиеата жастары" волонтерлық штабы Тараз қаласында өзінің жұмыстарын бастап та кетті.
Әлемді дүр сілкіндірген дерт біздің мемлекетімізді де айналып өтпеді. Індетті жұқтырғандардың саны көбеюде. Бұл орайда жастар да өз үлесін қосуда. Жұқпалы дерттің өршіп кетпеуі үшін облыс волонтерлары қоғамдық орындардың тазалығына жауапты қоғамдық қызметкерлер мен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 4500 маска мен қолғап таратты.
Бұған дейін әр ұйым өз бетімен көпбалалы отбасылар мен қарттарға, түрлі әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға көмек көрсетіп келген еді. Енді барлығын жұмылдырып, арнайы штаб құрдық. Штаб құрамына 100 ерікті 5 бағыт бойынша жұмыстар атқаруда. Қазіргі уақытқа дейін облыс волонтерларының қолғабыс етуімен әр түрлі салада 107 акция өтті. Акция аясында азық түлікпен 3000-ға жуық отбасыға көмек көрсетілді. Ертең "Қазпошта" қызметкерлерімен бірлесіп, зейнеткерлерге үйлеріне зейнетақысын апаруды жоспарлап отырмыз. Ерікті жастар азаматтарға қол ұшын беріп, жәрдем беруді негізгі мақсатымыз деп есептейді, – деді Серікбол Қайратұлы.
Волонтерлық штабта қоғамдық тәртіпті, азық-түлік және дәрі-дәрмектердің бағасына мониторинг жүргізуге бағытталған "Қоғамдық сақшы" жобасы, қала тұрғындары үшін медициналық бетперделер тігу және таратуға бағытталған "Көмек" жобасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ егде жастағы қарттарға үй жайын тазалауға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүріп-тұруына көмек көрсету, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды киім-кешектермен қамтамасыз ету, заңгерлік және психологиялық кеңестер беруге бағытталған "ІТ-Волонтер" жобасы, мұқтаждарға қажетті көмектерді үйге жеткізу, оның ішінде азық-түлік және дәрі-дәрмектерді тасымалдау ісімен айналысатын "Біз біргеміз" жобасы және облысымыздағы медициналық колледж студенттері мен медициналық білімі бар жастарды қалалық жедел жәрдем жұмысына бағытталған "Таза жүрек" жобасына тартылған.
Волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту мақсатында фронт-кеңсе ашу жұмысы қолға алынды.
Біз облыс жастарын еріктілер қатарына қосылуға шақырамыз!
#Біз біргеміз!