Биыл 643 ауылға интернет жетеді
Биыл 643 елдімекен ғаламтормен қамтылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осындай жаңалықпен бөлісті. Сондай-ақ шалғайдағы ауылдарға 3G, 4G жылдамдықтары тартылмақ екен. Ал төтенше жағдай кезінде әшкере болған интернеттегі ақаулар қалай шешіліп жатыр?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қазіргі төтенше жағдай уақытында талайдан бері қордаланған мәселелердің беті ашылып жатыр десек артық айтқанымыз емес. Соның бірі ғаламтор жылдамдығы, шалғайдағы елді мекендердің интернетпен қамтылуы.
Өкінішке қарай, осындай қиындықтар қашықтан оқу кезінде де, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға жәрдемақы үлестіруде де халықтың наразылығын тудырды. Осыған орай, бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов аталған мәселелердің туындауына не кедергі болғанын түсіндіргендей болды. Айтуынша, ел азаматтары қазір карантинде отырғандықтан, интернет жүктемесі айтарлықтай артқан. Яғни осы жағдай негізгі себептердің бірі болып отыр екен. Ал салдарымен қалай күресіп жатырсыздар деген сауалға маманның берген жауабы мынадай.
Қуанышбек Есекеев, "Қазақтелеком" АҚ басқарма басшысы:
“Оқудан бастап бізге көп мәселелер келген. Оның ішінде қазір біз сол олқылықтарды қызметтерді қарап жатырмыз. Бірақ ауылды мекендерде бірнеше проблемалар бар. Сұрақтарды бәрін қосылып, қай мәселені де шешіп жатырмыз”.
Вице-министрдің бұл жауабынан өз басым мәселені қарастырып жатырмыз дегенді ғана түсінгендей болдым. Солай деп сенейік. Осы орайда 2018 жылдан бері еліміздің 607 ауылы интернетпен қамтылғанын айта кетейік. Аталған шараға біздегі байланыс операторлары көмектескен көрінеді. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар 928 елді мекенге жылдамдығы жоғары 3G және 4G интернет желілері тартылмақ. Сондай-ақ мамандардың сөзінше, Қазақстан ғаламтор тарифының арзандығы әлемдегі 5 елдің қатарында.
Қуанышбек Есекеев, "Қазақтелеком" АҚ басқарма басшысы:
Біздің министрліктің салалық мемлекеттік орган ретіндегі негізгі міндеті - әрбір қазақстандықтың интернетке қосылу мүмкіндігін қамтамасыз ету, телекоммуникация мен өзге де қызметтердің басқа да түрін арттырып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып, ел экономикасын көтеру. Бұл орайда осы міндетті орындау мақсатында байланыс операторларымен бірлесе отырып, бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Қолданыстағы байланыс туралы заңға сәйкес, байланыс операторлары өз қаражаттары есебінен байланыс жүйелерін салу және дамытуды іске асырады.
Айтпақшы, брифингте 2020 жылдың соңына дейін тағы 643 ауыл интернетпен қамтылады деп сүйіншіледі. Вице-министрдің уәдесі орындала ма әлде құрғақ сөз ретінде қала ма, оны уақыт көрсете жатар.