Қарағандыда жаңа вирусологиялық зертхана ашылды
Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша қосымша вирусологиялық зертхана ашылды. Онда ПТР әдісімен (полимеразды тізбекті реакция) COVID-19 вирусына талдау жүргізіледі, деп хабарлайды zakon.kz.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа зертхана коронавирустық инфекция ауруына ауқымды тестілеу жүргізуге көмектеседі. Әзірше, қауіп тобындағы адамдар - медицина қызметкерлері, вирустық инфекциясы бар жүкті әйелдер, тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қамқорлығындағы адамдар, казармалық режимде тұрған әскери қызметшілер анализдерді тапсыра алады.
Қарағанды медицина университеті COVID-19 даму механизмдеріне және осы ауруға иммунитетті қалыптастыруға арналған ғылыми зерттеулерде бірегей молекулалық-генетикалық зертхананы іске қосуды жоспарлап отыр.
Өңірде пульмонологиялық орталықтар жұмыс істейді. Олардың жұмысының арқасында 14 коронавирусты инфекциямен ауыратындар анықталды. Олардың барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып инфекциялық стационарларға ауыстырылды.
Қарағанды облысына вируспен күрес жүргізудегі тәжірибесімен бөлісу үшін Қытайдан дәрігерлер командасы келді. Оның құрамына инфекционистер, пульмонологтар, нефрологтар, қарқынды терапия дәрігерлері және бас медбике кірді.
Қытай мамандары Қарағанды медицина университетінде конференция өткізді. Сондай-ақ дәрістер оқиды және мастер-класстар өткізеді, тәжірибелерімен бөліседі.
- Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі жақсы деңгейде, дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары, заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы жақсы. Қазір жұқпалы аурумен күресте ең бастысы - алдын алу, бұл жағдайда Қазақстанның барлық халқы ТЖ және карантин режимінің шарттарына құлақ асу керек, - деді Қытай делегациясының мүшесі дәрігер Лу Чен.
Делегация Қарағандыда 18 сәуірге дейін болады. Қытай дәрігерлері қашықтан кеңес беруге қатысады және коронавирустық инфекциямен күресу үшін медициналық мекемелердің жұмысын тиімді ұйымдастыру бойынша кеңестер береді.