Індетке шалдыққандар шындығы
видеодан кадр
Вирус жоқ, мұның бәрі жалған ба?
Қазіргі коронавирустық ахуалға байланысты елдің пікірі екіұдай екені рас.
Бірі биліктің айтқанын бұлжытпай орындап, вирусты жұқтырып алмау үшін санитарлық талаптарды сақтап жүрсе, екіншісі "бәрі өтірік" деген ұранмен ештеңені ойға алар емес. "Індеттің келгені рас болса, ауру адамды көрсетсін" деген пікірлерді де көп оқимыз.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бізбен бейне байланысқа шыққан 55 жастағы Нұрлыбай аға шетел түгілі, көрші облыстарға да сапарламадым дейді. Барғаны тек үй маңындағы азық-түлік дүкені. Онда да көшеге маскасыз аттап баспапты. Сыртқа шыққанда ауру жұқтырдым ба деп күдіктенеді.
Нұрлыбай Аққойшин, тұрғын:
Бұл індет өтірік, ойлап тапқан нәрсе дегені қисынсыз. Бұл өте қауіпті ауру. Менің қызуым көтеріліп, тамағым жыбырлады. Қатты қорықтым.
Қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген тұрғынды жедел-жәрдем дереу облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізген. Сынама нәтижесі коронавирус жұқтырғанын көрсетіпті. 12 күннен бері тиісті ем-домын алып жатыр. Нұрлыбай аға қазір өзін жақсы сезінетінін айтты. Қызуы да қалыпқа түскен. Алдағы күндері сынама нәтижелері теріс шыққан жағдайда үйіне жібереді. Осының бәрі- кірпік қақпай, жағдайымызды жасап жатқан дәрігерлердің арқасы, дейді ол.
Нұрлыбай Аққойшин, тұрғын:
Барлық дәрігерлерге алғысым шексіз. Күн-түн демей, жағдайымызды жасап, жүгіріп жүр. Беймәлім індеттен емдеп, аяғымыздан тұрғызып жатқаны да сол кісілердің арқасы. Көп рахмет сіздерге!
Ақтөбе тұрғыны отбасымен қауышуға күн санап жүрсе, атыраулық бойжеткен Айкөркем Кусесова елді дүрліктірген індеттен емделіп шыққаны туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялапты. Ол Канадада оқиды. Пандемия жариялаған кезде студент Атырауға келіп, карантинге жатқызылған. Бастапқыда ешқандай ауру белгілері болмағанымен, кейін сынама алған сәтте, вирус анықталыпты.
Айкөркем Кусесова, студент:
Маған моральдық тұрғыдан қиын болды. Бұл вирустың әлі толық зерттелмегенін, нақты емі жоқ екенін білген соң онан сайын көңілің түседі. Аурухананың төрт қабырғасында қамалып жатқан да оңай емес. Дәрігерлер күні бойы бізге қамқорлық көрсетті. Дәрілер ғана емес, сол дәрігерлердің қолдау сөздері де бізге көмектесті.
Сақ болыңыз! Тысқа шықсаңыз, міндетті түрде маска киіңіз! Мамандардың айтқанын бұлжытпай орындаңыз! Көпшілік жерде оқшауланыңыз! Індетті жұқтырған қай пациенттің де айтатын ақылы осы. Сондықтан, вирус жоқ, мұның бәрі жалған деп арқаны кеңсе салатын уақыт емес дейді.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript