Президент коронавирусты анықтауға арналған мобильді скрининг орталығына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетін анықтауға арналған жаңа мобильді скрининг орталығының қызметімен танысты. Бұл орталық Оңтүстік Кореяның технологиясы бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына қаладағы эпидемиологиялық ахуал жайында есеп берді.
Кореялық "Medical Partners Korea" медицина компаниясының басшылары Ким Даёнг пен Мин Хисук Қазақстан Президентіне мобильді лабораторияның мүмкіндігі мен "Drive-through" жүйесі бойынша сынама алудағы тәжірибелері туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесіп, оларға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
– Пандемия – шын мәніндегі соғыс. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс жариялады. Француздарда соғыстың аты соғыс деген сөз бар. Біз жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңе аламыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Орталықтың қызметкерлерін 12 мамырда атап өтілетін Халықаралық медбикелер күнімен құттықтады.