"Қазақстан" шипажайының бұрынғы бастығы Қазбек Сұлтан ұсталды
"Қазақстан" шипажайының бұрынғы басшысы ірі мөлшерде ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ІІМ ,баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-тарда тергеуге қысым көрсету мақсатында "Санаторий Қазақстан" АҚ-ның бұрынғы президенті Қ. Сұлтанға қатысты қылмыстық іс туралы түрлі жалған және болжамды ақпараттар жарияланады.
Осыған байланысты ІІМ Тергеу департаменті Қ. Сұлтанға және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілетінін хабарлайды.
Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылды.
Қ. Сұлтан 2013 жылы шипажай ғимаратын қайта жаңарту және күрделі жөндеуге деген желеумен банкке жоғары кірістілік туралы жалған мәлімет беріп, 2,6 млрд.теңге несие алған. Қ. Сұлтан одан әрі әртүрлі қаржылық схемаларды пайдалана отырып, "жалған кәсіпорын" арқылы ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, 974 млн.теңге жымқырды.
Сонымен қатар АҚ-ның бұрынғы басшысы өзінің таныстары мен жақын туыстарын ақша қаражатын жымқыру схемасына тартқан. 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін қоғамның спорттық-сауықтыру кешенін Қ. Сұлтанның кіші қызы А. Бейсебаева басқарған, ол барлық кірістерді өзі иемдеген.
Бұл және басқа да талан-таражға салу фактілері аудиторлық тексерісте, сот-экономикалық сараптамада және санаторий қызметкерлерінің көрсетулерінде расталады.
Бүгінгі күні АҚ іс жүзінде банкроттыққа дейін жеткен. Қаржы мекемесі алдындағы берешектің жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеден асады.
Қазіргі уақытта Қ. Сұлтан соттың санкциясымен қамауға алынды, оның қызы А. Бейсебаеваға қатысты үйқамаққа алу шарасы қабылданды. Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілікке қоғамның бірқатар қызметкерлері мен К. Сұлтанның жақын туыстары тартылуда.
Тергеу жалғасуда.