Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанда тойға 5 жылдық мораторий жариялау ұсынылды

nur.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.06.2020 16:23 nur.kz
Қалай дегенмен де той алдымен психологиялық фактор.

Ақтөбелік филолог, саясатанушы Оралбек Өтеғұлов тойға 5 жылдық мораторий жариялауды ұсынады. Оның мақаласы күні кеше abai.kz порталында жарияланған екен.

Қиын таңдау. Бірақ бір шешімі болуы керек!

Қазақ қоғамында қордаланған мәселе көп, жалпы. Қытайдан басталған коронавирус пандемеясы тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері үшін де жығылғанға жұдырық болды. Алда не күтіп тұрғанын ешбір сарапшы дөп басып айта алмайды. Жаз шығып күн ысыса да, коронавирус жұқтырғандардың саны азаймай тұр. Осындай қиын жағдайда бірнеше қалада тұратын тойханалардың иелері, әртістер мен асабалар тойханаларды ашып, той жасауға рұқсат беруді талап етіп жатыр. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Айтуларынша бір айда 10-15 миллиондық ақша айналымын жасайды екен. Енді сол табыстарынан қағылып отырғандарын тілге тиек етеді. Ал енді сол көлемдегі ақшалары қалай және қайдан келеді деген сұраққа ойланып көрейікші?

Әртістер мен той бизнесінде жүргендердің қоржынында жүрген сіз бен біздің қалтамыздан шыққан, жылдар бойы тапқан маңдай тер еңбегіміз. Мен осы саланы 10 жылдан астам уақыттан бері зерттеп келемін. Сондықтан да осы уақытқа дейін түйгендеріммен бөлісуді жөн санадым: Қазақстанның қай қаласына бара қалсаңызда құжынаған тойханаларға кезігесіз. Сол тойханаларда жұмыс істейтін қазақтың өрімдей жас қыз-жігіттері. Оларды кем дегенде 5-10 сағат жұмыс істетіп, 1500-2000 теңгенің көлемімен қатырады. Ыдыс сындырып алса ол да жоқ. Бұл адам еңбегін таза қанау ғой. Даяршы болып жұмыс істейтіндердің кейбіреулері тіпті 18 жасқа да толмаған. Әрине мен еңбектен қашсын демеймін, бірақ еңбек адал төленуі керек. Кем дегенде сағатына 1000 теңгеден төлеуі керек. Бұл ойымды әлеуметтік желілерге де жазғанмын, Қазақстан ұлттық телеарнасында "Ниет" бағдарламасының тікелей эфирінде де айтқанмын.

Бұл қорытындыға жайдан жай келіп отырған жоқпын. Мен өзім ЖОО жұмыс істеймін. Той саласында жұмыс істейтін көп студентім бар. Кезінде өзіміз де студент болдық. Айналамызда тойда жұмыс істейтін көптеген студенттер де болды. Көзіммен көріп жүрген қоғам шындығын баяндаймын. Студенттердің басым көпшілігі жұмысқа түскі уақытта кеткеннен түнге екі жарым-үштердің шамасында келеді. Жатақханалар жабық болады. Терезеден кіргізіп алған жағдайлар өте көп болатын. Бір күні көрші бөлмедегі қыз: "1 апта "стажировка" деп тегін жұмыс істетті де, шығарып жіберді" деп мұңын шақты маған. Басқа бір күні қасымда тұратын жігіт жынданып келді түнгі сағат үш жарымда. Ыдыс сындырып алдың деп ақшасын бермей қойыпты. Бұл - жылдар бойы жалғасып келе жатқан, көптеген жастардың басында болатын, үйреншікті жағдайға айналып бара жатқан көп жағдайдың бірі. Той біткен соң орнын жинасып, түн ортасында үйіне қайтып келе жатқанда зорлыққа ұшыраған жас қыздардың обалы кімге? Той кезінде отбасылы асабалардың көзіне түсіп, соларға алданып қалатын жас қыздардың жағдайы бөлек әңгіме. Мұндай оқиғалар сіз бен біздің айналамызда күн сайын болып жатады. Сіздің оқушыңыз, студентіңіз, көршіңіз, группаласыңыз болмаса қарындасыңыз сондай оқиғамен кезіккен болуы әбден мүмкін...

Кейде тойларға барған кезде жасөспірім даяршы қыз-жігіттерді әңгімеге тартамын, жағдайларын сұрап. Сондағы көзім жететіні мардымсыз жалақыға жұмыс істейді. Олар мұндай жұмысқа жоқшылықтан және ата-анама салмақ салмай өз күнімді өзім көремін деген ойдың жетегімен барады. Ол үшін оларды кінәлауға да болмайды. Алайда бұғанасы қатпаған жастар арзан күш ретінде еңбегін қанайтын малай емес. Олар болашақ ата-ана, болашақ мамандар, бір сөзбен айтқанда біздің болашағымыз.

Мен мұндай оқиғалармен күн сайын кезігемін. Студенттерімнің бір бөлігі сабақтан жиі қалады, кешігіп келеді, келген күннің өзінде ұйқыларын аша алмай отырады.

- Сабаққа неге келмей жүрсіз?

- Ағай кешіріңізші? Түнде тойдан шығып ұйықтап қалып жүрмін. Бізге түсіністікпен қараңызшы, өтінемін? Иә, бұл оқу орындарында жиі қайталанатын диалог. Қарап отырсақ бұл өте қиын жағдай: түсіністікпен қарайын десең білім сапасы төмендейді, өйтпесең студенттің қатты қиналып тұрғанын көресің...

Білім сапасы демекші, қоғамдағы көптеген проблемалар осы жерден шығады. Қоғамда біліксіз дәрігерлер, біліксіз мұғалімдер, біліксіз мамандар көбейіп, ЖОО айтылатын сын да көбейе түсті. Бәріңіз білетіндей білім беру бұл екі жақты процесс. Білім алушының өзінің ниеті, қызығушылығы, ынтасы болмаса, қанша жерден үздік мұғалім немесе оқытушы болса да, ештеңе шықпайды. Жасаған еңбегі кұмға сіңген сумен тең. Ал енді түнімен тойда жұмыс істеп, ұйқысы қанбай жүрген студенттер мен оқушылардан қандай сапалы білім талап ете аламыз?

Бұл бүгін ғана пайда болған проблема емес. Жылдар бойы қайталанып келеді. Бүгінгі күндегі біліксіз мамандар - бір кездердегі тойға шығып сабақтан көп қалған, еңбектері қаналған студенттер мен оқушылар. Өз еңбектеріне лайықты жалақы ала алмаған адамдардың "самооценкалары" да төмендеп, қоғамдық торығуға алып келеді.

Оңтүстік Африка Республикасының Стелленбос университетінің кіре берісіне: "Кез-келген ұлтты жою атом бомбасын немесе үлкен радиусты зымыранды талап етпейді. Бар болғаны білім сапасын төмендетсе жеткілікті. Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі" деген сөздер шегеленіп жазылған екен. Пациенттер біліксіз дәрігерлердің қолынан өледі, ғимараттар біліксіз инженерлердің кесірінен құлайды. Әділдік біліксіз соттардың қолынан жоғалады... Жемқорлықтың бастауы да осы жерден шығады. Себебі өзіне, өз біліміне сенімді адам ешқашан ешкімге пара бермейді! Сұрап тұрса да...

Қарап отырсақ, қазақ қоғамындағы қордаланған проблемалардың бастауы осы той синдромынан басталады екен. Мойындағымыз келмесе де шындығы сол. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерге қарап отырсақ, басым көпшіліктің ойы "әркім көрпесіне қарай көсілсін" дегенге саяды. Алайда бұлай жасау қаншалықты тиімді?

Айталық біреудің жағдайы бар, біреудің жағдайы жоқ. Жағдайы бар адам 1000 адам шақырып, шалқытып той жасады делік. Ол сол тойына келген 1000 қонағына жақсы үлгі көрсетіп отыр ма? Жоқ, әрине. "Мінекей, мен жасадым, қолыңнан келсе сен де жасап көр" деген челлендж жолдайды өз іс-әрекеті арқылы автоматты түрде. Мұны көрген әрбір қонақтың ішінде "Мен сеннен де асып түсемін" деген вирус-идея пайда болады. Ол вирус кейбір адамдардың ойында жылдар бойы жүруі мүмкін. Кезек өзіне келгенде сол вирусы қозып, өз жағдайына қарамай, алдымен "қатардан қалмауым керек", содан соң "пәленшенің тойынан да асып түсуім керек" деген ой бірінші орынға шығады да, қалмаса қалың болсын деп, кредит алып, жанталасады. Жеме-жемге келгенде көрпеңе қарай көсіл деген жайында қалады. Той дүркіреп өтеді де кетеді, қас-қағымда. Той әлбетте өзін ақтамайды. (Ақтайтындары сирек). Той өткен соң барып естерін жияды. Алда 5-10 жыл кредит төлеу, айқай-шу, ұрыс-керіс, ажырасу. Кез-келген қазақтың басында өтіп жатқан классикалық сценарий. Кредитке той жасап, апта өтпей келіні кетіп қалып немесе қызы қайтып келіп жатқан отбасылар қаншама...? Тойжарыстың ақыры деген осы. Тойдағы дарақылық, асабалардың мәдениетсіздігі бөлек тақырып.

Тойханалардың қабырғасында әрбір қазақтың көз жасы бар. Еңбегі қаналған студенттің, тойдан кейін өкінген ата-ананың. Тойдың кредитінен тауы шағылған жас отбасының.

Қарап отырсақ әлемдегі ең табысты бизнестер: есірткі саудасы, қару-жарақ саудасы, адам саудасы. Бұлардың барлығы да қаншалықты көп пайда әкелсе, соншалықты зиянын да тигізеді. Той бизнесі де солай. Той қазақтың қазынасы деген желеу сөзді халықтың санасына шегеліп қойған. Жалпы, қатты қуанып тұрғанда және қатты қайғырып тұрғанда шешім қабылдама дейді. Эмоциялар тасқыны адам ақыл-ойын матап тастайды. Эмоция бар жерде ақыл-ойға орын жоқ. Шақырған қымбат әншісі жанды дауыспен айтып жатыр ма, фонограмма ма, онда да ісі жоқ. Тойхана иелері де осы бір эмоцианалды фонды пайдаланып өздері қалаған бағаларын қояды. Қарапайым қазақтың жұрт көзінше мақтауын асырған сайын көбірек ақша шығатынын кәнігі шоумендер жақсы біледі. Осыдан кейін ойлаңыз: адамдардың жылдары бойы жиған-терген қазынасын бір сәтте қағып алатын тойхана иелері, әртістер мен асабалар "паразит" емей немене? Әлде "сыпайы тонаушылар" дейміз бе? Ахметбек Нұрсила деген кісі "шегірткелер" депті. Мен тойға шығып қарапайым халықтың қалтасын тонайтын әртістерді паразиттер деп атар едім. Иә, олар таза паразиттер. Сондықтан, мен қоғамды осындай паразиттерден тазарту үшін тойханаларда той жасауға 5 жылға дейін мораторий жариялауды ұсынар едім. Бұл не береді дегенге келсек, қоғамда той бизнесі тоқырап, басқа салалардың дамуына үлкен мүмкіндік болар еді. Тойханалардың орнына біраз ірілі-ұсақты кәсіпорындар ашылып, көптеген адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болар еді. Студенттерге де жұмыс табылар еді. Тойға шығады деп оларды да кінәлауға болмайды. Олар амалсыздықтан шығады. Басқа жұмыс орындары болмағаннан. Сөздің шыны керек, сол тойда қолданатын қалыңдықтың көйлегінен бастап, алдынан қиятын лентасына дейін, керек десеңіз әртіс-паразиттердің қолына алатын микрофонына дейін өзіміз өндіре алмаймыз. Шет елдерден сатып әкелеміз. Осыдан соң қай жерімізге жетісіп той тойлаймыз?..

"Той жарыстырмайық ой жарыстырайық" дегенді өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынов та айтқан. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де Ахаңның осы сөзі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Той туралы ел ішіндегі пікірлер де әртүрлі. Көпшілігі сөз жүзінде қарсы болғанымен іс жүзінде ерік-жігірі жетпейді. "Той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген мақал да сол халықтың ішінен шыққан. Бұл мәселенің әбден ушыққанына сонша тіпті, бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жетті. Ол жақында той өткізу форматын қайта қарау керектігін айтты. Иә, қарап отырсақ той өткізудің қазіргі форматы моральдық тұрғыдан ескірген. Қаншама жастар той жасауға ақшалары болмағандықтан үйлене алмай жүр? Тойсыз-ақ некесін қиыдырып, бақытты өмір сүріп жатқан жастар қаншама?

Дамыған елдерде 15-20 адаммен-ақ тойларды жақсылап өткізе береді. 30 адам шақырған үлкен той. Талай миллиардер-филантроптардың да өткізген тойларын көрдік. Өте қарапайым, қанша жерден бай болса да.

Қалай дегенмен де той алдымен психологиялық фактор. Бұл мәселеге қатысты жастардың да пікірін білгенмін. Көпшілігі тойға қарсы. Тойсыз-ақ неке қиып бақытты болуға болады деп есептейді. Алайда ата-аналарынан асып кете алмайды. Осыған қарап-ақ той үлкендер үшін психологиялық қажеттілік деп айтуға болады. Осы бір психологиялық фактордан бірте-бірте арылуымыз керек. Карантин кезінде 3 ай той тойламай отырдық емес пе? Не өзгерді? Тойға жұмысайтын ақшаларымыз қалталарымызда қалды.

Әлемдік пандемея адамдарды көп нәрселерге басқаша қарауға мәжбүрлеп жатыр. Мен мұны тойдан бас тартуға тамаша мүмкіндік дер едім. Осы карантин режимін пайдаланып тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек. Онда үйлену және ұзатылу тойларын 50 адаммен шектейтін, басқа тойларға тыйым салатын болуы керек. Оған қоса тойлардағы музыканың дыбыс деңгейін, даяршылардың лайықталған айлықтарын, т.б. реттейтін баптар болуы керек. Оған қоса асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының 50 пайызын салыққа алу керек. Сонда ғана нағыз сапалы өнер майталмандары іріктеліп шығады. Нағыз өнер иелері ғана халықтың құрметіне лайық. Ондайлар халықтың қалтасын тонап, лотореялар ұйымдастырып, паразиттік тірлікпен айналыспайтын болады.

Қалай дегенмен де бұл қиын таңдау, бірақ бір шешімі болуы керек.

Оралбек Ж. Өтеғұлов, филолог, саясаттанушы.

Ақтөбе қаласынан.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: