"Отанына опасыздық жасады" деп айыпталған Майлыбаев бостандыққа шықты
"Отанына опасыздық жасады" деп сотталған ҚР Президентті әкімшілігінің аппарат жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев мерзімінен бұрын босатылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл ақпаратты Бағлан Майлыбаевтың әкесі Асаубай Майлыбаев растады. Ол ұлының 30 мамырда босатылғанын айтты.
Майлыбаев сот үкімі бойынша әлі де бір жарым жылын темір тордың арғы жағында өткізуі тиіс еді.
2017 жылы Бағлан Майлыбаевқа қызмет бабын асыра пайдалану және мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету бойынша айып тағылды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот отырысы жабық есік жағдайында өтті.
Ол екі рет шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотқа арызданды, бірақ екі ретінде де оның өтініші қанағаттандырылмады. Тек үшінші өтінішін сот қараған болып шықты.
Бағлан Майлыбаев 1975 жылы 20 мамырда Жамбыл облысында дүниеге келген. Бастапқы алған білімі - журналист, одан кейін РФ Президенттік мемлекеттік басқару академиясының Саясаттану және саяси менеджмент кафедрасының Жоғары мектебінде оқыды.
ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалғанға дейін ол бірнеше лауазымды қызметтерді атқарды, оның ішінде Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі медиа департаментінің директоры және мәдениет және ақпарат вице-министрі болды. Ол сонымен бірге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы болды.