Халықаралық рейстерге әуе билеттері сатыла бастады
Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 11 маусымдағы шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын ескере отырып, 2020 жылғы 20 маусымнан бастап Қазақстан Республикасынан Түркияға, Қытайға және Оңтүстік Кореяға, Таиландқа, Грузия мен Жапонияға халықаралық рейстер кезең-кезеңмен қайта ашылады, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазіргі уақытта қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар халықаралық рейстердің кестесін алдын ала қалыптастырды, рейстер әуекомпаниялардың сайттарында ресми жарияланған кестеге сәйкес орындалады. Бұл ретте рейстер кестесін әуе компаниялары түзетуі мүмкін.
Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін халықаралық бағыттарға, атап айтқанда төменде көрсетілген бағыттар бойынша (Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд және Грузия бағыттары бойынша) әуе билеттерін сату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының тарапынан шектеу шараларына байланысты қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылардың кестесі қарастырылуда.
Рейстер Қазақстан мен шет мемлекеттер белгілеген санитарлық қауіпсіздіктің шаралары күшейтілген жағдайда жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, ҚР Көліктегі Бас санитарлық дәрігері осы елдердегі жағдайды қадағалайтынын және эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда тиісті шаралар қолданылатынын атап өтеміз.