Алматыда карантинге қарамай жұмыс істеген компьютерлік клубтың жұмысы тоқтатылды
Алматыда карантин кезінде жұмыс істеген компьютерлік клубтың жұмысы тоқтатылды. Түнгі уақытта жасырын жолмен келушілерді кіргізетін онда бір мезетте 50-ден аса адам ойын ойнап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рұқсат берілмегені былай тұрсын, ешқандай санитариялық талаптар да сақталмаған. Ал, 15 жастағы балаға балмұздақ сатқызып қойған кімдер?
Бұл сырты қараңғы компьютерлік клубтың ішінде келушілер ойынның қызығына еніп кеткен. Алайда 15 маусымнан бастап қаланың бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша ойын-сауық нысандарына жұмыс істеуге болмайтыны анық жазылған. Заңды білетін, тек орындауға құлқы жоқ клубтың қожайыны келушілерді жасырын түрде кіргізеді екен. Ешбір тазалық талаптарына сай келмейтін жертөледе бір мезетте 50-ден аса адам бар. Ешқайсысы медициналық маска тақпапты.
Оқиға орнынан:
– Уайымдамайсыз ба өз денсаулығыңызға?
– Жоқ айып етпеңіз, жұмыстан кейін келіп жатырмыз.
– Қорықпайсыз өз денсаулыңыз үшін? Неліктен маска кимей отырсыздар?
– Мынау қазір ғана келді, кие қойшы маскаңды.
Мұнда отыру қауіпті деген мамандар компьютерлік клубты жауып, ойыншыларды үйлеріне қайтарды. Алайда иесі келмей, тексерушілерді ұзақ күттірді. Енді алдағы уақытта қызметін заңсыз жүргізген кәсіпкерге хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданады. Ізін ала мониторинг топ «Думан» ықшамауданында құйылмалы балмұздақ сатып тұрған 15 жастағы баланы көрді. Ол түнгі сағат 22.00-де маска және медициналық қолғапсыз, қасында ересек адамның қарауынсыз сауда жасап тұр.
Жасөсіпірім жігіт мұнда ағасымен жұмыс істейтінін айтты. Бірақ кешкі ас әкелуге кеткен ағасы сол күйі келмеді. Медеу ауданын қарайтын учаскелік инспектор оны ювеналды полицияға тапсыратынын айтты. Ал кешкі 20.00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат берілген дүңгіршек жабылды. Олар енді санитарлық талаптарды орындамай ашылмайды. Мұндай тексерістер әлі де жалғасады. Сондықтан мамандар кәсіпкерлерді халықтың денсаулығы үшін жауапты болуға шақырады.