Белгілі суретші Қазақстан түрмелеріндегі сотталғандармен өз тәжірибесімен бөлісті
Шеберлік сабағына Алматы қаласының, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан 25 сотталған қатысты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған сурет салуды үйрету сабағына қатысқандар арасында сурет өнеріне ерекше ден қойған ЛА-155/6 мекемесінің 6 кәмелеттік жасқа толмаған сотталған болды. Бұл шеберлік сабағы халықаралық Нельсон Мандела күні қарсаңында ұйымдастырылды. Онлайн режимінде өткен шеберлік сабағы ZOOM платформасының көмегімен көрсетілді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жазалы жандарға сурет салуды белгілі суретші, ҚР Тұңғыш Президентінің қоры жанындағы жас суретшілер конкурсының жеңімпазы, халықаралық көрмелер мен симпозиумдардың лауреаты Бейбіт Серікқұлұлы Әсемқұл үйретті.
– Бұл мен үшін қызықты тәжірибе болды. Мен темір тордағы адамдардың қабылетіне таң қалдым. Оларға оңайырақ болу үшін оларға өз ойларын кенепке көшіруі үшін абстракт тақырыбында сурет салуды ұсындым. Суретші ретінде маған кейбір суреттер өте қатты ұнады, - дейді Бейбіт.
Сотталғандар суретшінің ұсынысымен абстрактілі суреттер салды. Сабақ барысында Бейбіт сотталғандарға Қазақстанның танымал суретшілерінің жұмыстары жайлы, қылқаламды қалай таңдау керек екені және акварель мен бояулар сапасының маңыздылығы жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар Бейбіт түстердің маңыздылығы туралы білімімен бөлісіп, абстрактілі суреттер салу кезінде "не туралы салып жатқаны туралы ойлаудың қажет емес екенін" түсіндірді.
– Мен мұндай шеберлік-класына бірінші рет қатысып тұрмын. Бала күнімде мені анам суретшілер мектебіне апаратын. Қазіргідей карантин кезінде мекемеде осындай шеберлік сабағын өткізу өте қолайлы болды. Мен салған суреттерімді анама жіберемін. Ол сөз жоқ қатты қуанатын болады ,- дейді 26 жастағы сотталған Мақсат.
Сабақ соңында барлық сотталғандардың салған суреттерін суретшінің өзі бағалап, кейбір суреттердің шынымен де талапқа сай екенін атап өтті. Шеберлік-класына қатысушылар салған суреттерін қалалық мұражайға беруге шешім қабылдады.
Аталған шеберлік класын БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, БҰҰ Контртеррорлық орталығы, БҰҰ Контртеррорлық комитетінің атқарушы директоратының "Экстремистік және террористік қылмыстары үшін сотталғандармен жұмысты күшейтуді қолдау, пенитенциарлық мекемелерде радикализм зорлығын туындатудың алдын алу" бағдарламалары аясында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Қазақстандағы БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқарма ұйымдастырды. Оған Еуропалық Одақ, Нидерланды Үкіметі және БҰҰ КТО қаржылық демеу көрсетті.