Базалық мөлшерлеме 9,00%-ға дейін төмендетілді
ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/- 1,5 п.т. дейін тарылта отырып, жылдық 9,00% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,5% және өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 7,5% болады, деп хабарлайды zakon.kz.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ағымдағы жылғы мамыр-маусымдағы болжамдық раунд шеңберінде күтілгенге қарағанда 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта проинфляциялық тәуекелдердің әлсіреуіне және экономикалық белсенділіктің барынша күшті қысқаруына негізделді. Карантинді қатаңдату бойынша қабылданған шаралар қосымша дезинфляциялық әсер етеді.
Бұл ретте, базалық инфляция (trimmed mean) және 2020 жылғы маусымдағы медиандық инфляция барынша қалыпты серпінді, тиісінше 6,1%-ды және 4,4%-ды көрсетеді. Жыл басынан бастап біртіндеп жеделдеуді (2019 жылғы желтоқсанда – тиісінше 5,2% және 4,3%) атап өткен жөн, бірақ, бұл ретте, базалық инфляция көрсеткіштері инфляцияның монетарлық құрауышының барынша қалыпты өсуі туралы белгі бере отырып, жалпы инфляциядан баяу өседі.
Долларландырудың өсу тәуекелдері айтарлықтай төмендеді, бұл мөлшерлемені төмендету үшін әлеуетті кеңейтті. Теңге активтерін қорғау бойынша жедел шаралар нәтижесінде ағымдағы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша депозиттерді долларландыру алдын ала деректер бойынша 43,1%-дан 40,0%-ға дейін төмендеді, бұл базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігіне де ықпал етеді.
Дәліздің тарылуы қаржы нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануынан және экономиканың жаңа жағдайларға біртіндеп бейімделуінен туындады. Бұл шешім ақша нарығының мөлшерлемелерін базалық мөлшерлемеге жақындатуға мүмкіндік береді, ақша нарығы мөлшерлемелерінің құбылмалылығын төмендетуді қамтамасыз етеді және нарыққа қатысушыларда барынша тұрақты күтулерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі кредиттердің құнын төмендете отырып, өсірілген кредиттік тәуекелдерді белгілі бір дәрежеде өтеуге мүмкіндік береді. Ағымдағы шешім Қазақстан экономикасына карантинді күшейту жөніндегі шаралар салдарының ықпалын реттеуге мүмкіндік береді және Қазақстан экономикасының өсуін қалпына келтіру процесін қолдайды.
Жылдық инфляция болжамдарға сәйкес қалыптасады. 2020 жылғы маусымда ол 7,0%-ды құрады. Жылдық мәнде бағаның өсуі 11,1%-ды құраған азық-түлік тауарларының қымбаттауы инфляцияға негізгі үлес қосады. Бұл ретте айлық азық-түлік инфляциясы ағымдағы жылғы сәуірдегі 1,9%-дан маусымдағы 0,5%-ға дейін бәсеңдейді. Маусымның қорытындысы бойынша жемістерге (23,0%), макарон өнімдеріне (15,3%), ет және ет өнімдеріне (14,0%), нан-тоқаш өнімдеріне және жармаларға (13,5%), балық және теңіз өнімдеріне (11,7%) ең үлкен жылдық өсім байқалады.
Инфляцияның басқа құрауыштары бағасының өсуі қалыпты болып қалуда. Азық-түлікке жатпайтын инфляция болжамдардан төмен қалыптасып, 5,4% болды. Баға өсімінің айлық серпіні тұрақты және 0,5%-дан аспайды. Карантин шараларының қолданылуы және халықтың нақты ақшалай кірістерінің құлдырауы аясында тұтынушылық мүмкіндігінің төмендеуі жағдайында азайған тұтынушылық сұраныс азық-түлікке жатпайтын инфляцияға тежеуіш әсер етеді. Ақылы қызметтер инфляциясы маусымда жылдық мәнде 3,0% болды.
Инфляциялық күтулер салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. 2020 жылғы маусымда бір жыл бұрын инфляцияны саны бойынша бағалау 5,4%-ды құрады. Келесі 12 ай ішінде баға өсімінің сақталуын не жеделдеуін күтетін респонденттердің үлесі 43%-ға дейін (мамырда – 54%) төмендеді.
Жалпы алғанда, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияның нақты серпіні болжамды бағалауға сәйкес келеді. 2020 жылдың соңында 8-8,5%-дық болжамды траектория шеңберінде кейінгі айларда жылдық инфляцияның одан әрі үдеуі күтіледі.
Карантинді күшейту жөніндегі шаралардан өскен дезинфляциялық нәтиже, сондай-ақ болжамдармен салыстырғанда ағымдағы жылғы 1-жыртыжылдықта ІЖӨ-нің барынша айтарлықтай төмендеуі 2021 жылы 4-6% нысаналы дәліздің жоғары шегіне қарай инфляцияның біртіндеп баяулауын қамтамасыз етеді.
Инфляциялық процестерге фискалдық және квазифискалдық қарқынның әсері, карантин жағдайында жеткізу тізбегінің бұзылуынан туындаған ұсыныстың төмендеуі, сонымен қатар теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуі аясында импорттық жеткізілімдер бағасының өсуі ағымдағы сәттегі негізгі тәуекелдер болып табылады.
2020 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның ІЖӨ-сі болжамды -1,5% кезінде жылдық көрсету бойынша 1,8%-ға қысқарды. Бұл 2020 жылғы мамырдың ортасынан бастап карантин шараларының бәсеңдеуіне және сауда мен қоғамдық тамақтану объектілерінің ашылуына қарамастан, қызмет көрсету секторындағы төмендеуге негіз болды. ІЖӨ серпініне ақпарат пен байланыс (9,0%), денсаулық сақтау, білім және мемлекеттік басқару салалары оң үлес қосты. Тау-кен (2,2%) және өңдеу өнеркәсібінде (4,8%) өндірістің өсуі байқалады. Экономикалық белсенділік те құрылыс жұмыстарының кеңеюімен (11,2%-ға) және ауылшаруашылығы өнімін жалпы шығарудың ұлғаюымен (2,4%-ға) қолдау табуда.
Ұлттық Банк кәсіпорындарға жүргізілген пікіртерім негізінде есептеген іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта тұр, алайда ағымдағы жылғы сәуірде тарихи ең аз көрсеткішке дейін құлдырағаннан кейін (37,2) ағымдағы жылғы маусымда 46,8-ға дейін өсті. Салалар бойынша көрсеткіштің баяулауы көбінесе қызметтер мен өнеркәсіп секторында байқалады.
Тұтынушылық және инвестициялық белсенділіктің төмендеуі жиынтық сұранысқа қысым көрсетуде. Енгізілген карантин шаралары тұтынушылық белсенділіктің төмендеуіне ықпал етіп, халықтың кірісіне теріс әсер етті. Жалданатын қызметкерлердің нақты еңбекақысы өсуінің бәсеңдеуі негізгі фактор болды. Бұдан басқа, жекелеген өндірістер қызметінің жабылуы мен тоқтата тұрылуы еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауына әкеп соқты.
Негізгі капиталға инвестициялар, оның ішінде халықтың нақты табысының қысқаруына байланысты азайған ішкі сұранысты көрсете отырып қысқаруда. Ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі жылдық мәнде 2,9%-ға төмендеді. Теңіз кен орнындағы құрылыс жұмыстарының тоқтатылуына байланысты тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялардың 11,6%-ға төмендеуі (2019 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 2020 жылғы қаңтар-маусым) инвестициялық белсенділік серпініне негізгі әсер етті.
Әлеуметтік қамтамасыз ету мен әлеуметтік көмекке мемлекеттік шығыстардың өсуі жиынтық сұранысқа қолдау көрсетеді. Аталған салаға республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылғы қаңтар-маусымда 19,9%-ға өсті.
Сыртқы сектордағы жағдай белгісіз болып қалуда. 2020 жылғы маусымда карантиндік шектеулерді ішінара алып тастау нәтижесінде әлемдік өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласындағы көрсеткіштердің жақсарғаны байқалды. Алайда, COVID-19 пандемиясының қайта өршу тәуекелі жоғары болып қалып отыр, бұл жуырдағы айларда әлемдік экономикадағы іскерлік белсенділікті қалпына келтіруді жалғастыруға қатысты белгісіздікті күшейтеді. Әлсіз сыртқы сұраныс пен ынталандыру шараларының жетіспеушілігі Қытай экономикасының қалпына келуіне қарамастан, әлемдік экономиканың күтіліп отырған өсуін шектеуі мүмкін. Әлемдік экономиканың одан әрі даму перспективаларына әлемдегі әлеуметтік толқулар, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қатынастардың ықтимал нашарлауы, дамыған елдерде ұзақ уақыт сақталып келе жатқан төмен инфляция, кейбір елдердегі жоғары жұмыссыздық және берешектің өсуі де әсер етеді.
Қазақстанның сауда әріптес елдерінің өсу перспективалары бойынша бағалау 2020 жылы төмендеу жағына қарай қайта қаралды. Consensus Economics күтулеріне сәйкес, 2020 жылы Ресей экономикасы 5,2%-ға қысқарады. Коронавирус пандемиясы аясында тұтынушылық сұраныспен ахуалдың нашарлауына байланысты ЕО экономикасының биылғы жылға өсуі бойынша болжам 8,4%-ға дейін төмендеді. 2020 жылға Қытай экономикасы бойынша болжамдар өзгерген жоқ. Қытайдағы ІЖӨ-нің өсуі 2020 жылы 1,4%-ды құрайды. Осыған байланысты негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын қайта қарау талап етіледі.
Әлемдік мұнай нарығындағы ағымдағы жағдай салыстырмалы түрде оң деп сипатталады. Көптеген елдерде карантин шараларының әлсіреуі сұраныстың қалпына келуін ынталандырады және мұнай бағасына оң әсер етеді. Әлемдегі локдаунды алып тастағаннан кейін және тиісінше өнеркәсіптік секторды қайта іске қосқан соң мұнайды тұтыну айтарлықтай ұлғайды. EIA деректері бойынша, 2020 жылғы маусымда алдыңғы аймен салыстырғанда мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 5,3 млн баррельге ұлғайды. Мұнайды тұтынудың өсуі Қытайды қоспағанда, барлық ірі мұнай импорттаушы елдерде тіркелген.
Бұл ретте мұнай өндірісі біртіндеп қысқарып келеді, оған ОПЕК+ келісімі және АҚШ пен Канадада мұнайды барынша аз өндіру әсер етуде. Нәтижесінде Brent сұрыпты мұнай бағасының әлемдік баға белгілеулері 2020 жылғы шілденің басынан бастап бір баррель үшін 42 АҚШ долларынан жоғары болып ұсталуда.
2020 жылдың екінші жартысында және 2021 жылы мұнайға сұраныстың өсуі күтілуде. Мұнайды тұтынудың күтіліп отырған жеделдеуі 2020 жылдың басынан бастап жинақталған мұнай қорларының қысқаруына ықпал ететін болады. Биылғы жылы ОПЕК-тен тыс елдерде (әсіресе АҚШ, Канада, Мексика) және ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру төмендейтін болады. Мұнай өндіруді жеделдету 2021 жылы күтілуде, бұл мұнай бағасының қалпына келуіне және жалпы алғанда әлемдік экономикадағы ахуалдың тұрақтануына байланысты болады.
Ағымдағы жылдың басындағы төлем балансының оң ағымдағы шотына қарамастан, Ұлттық Банк сыртқы сектор статистикасы көрсеткіштерінің нашарлауын күтеді. 2020 жылғы екінші тоқсандағы мұнай бағасының төмен болуы, оны өндіру қарқынының қысқаруы және 2019 жылмен салыстырғанда негізгі экспорттық тауарларға сұраныстың төмендеуі төлем балансының ағымдағы шоты тапшылығының кеңеюіне себеп болады (2019 жылы тапшылық 6,5 млрд АҚШ долларын құрады). Бұл ретте, импорттың қысқаруы мемлекеттік бағдарламалар мен нақты секторды қолдау жөніндегі бастамаларды іске асыруға қарай елеусіз болады. Ағымдағы шоттың тапшылығын тереңдету теңгенің әлсіреу тәуекелінің факторы, соның салдарынан проинфляциялық тәуекелдердің факторы болып қала береді.
Сыртқы инфляциялық ая төмен деңгейде сақталуда. Мамырдың қорытындысы бойынша ЕО-дағы инфляция 0,5% болды. Маусымда Қытайдағы бағаның жыл сайынғы өсуі нысаналы бағдардан төмен болғанмен 2,5%-ды құрады. Ресейде маусымда инфляция 3,2% деңгейінде болды. Экономиканы қалпына келтіру перспективасының төмендеуі және дезинфляциялық тәуекелдердің айтарлықтай өсуі жағдайында РФОБ соңғы шешімінде негізгі мөлшерлемені 4,5%-ға дейін 1 п.т. төмендетті.
Ағымдағы шешім инфляцияның болжамды дәлізден ауытқу тәуекелдерін, сыртқы сектордағы қалпына келу қарқынының белгісіздігін және ұлттық экономиканың едәуір қысқаруын ескере отырып қабылданды, бұл тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне әсер етуі және бұрын ескерілмеген қосымша дезинфляциялық ықпал етуі мүмкін.
Ұлттық Банк инфляция серпініне әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың мониторингін жүргізуді жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешімдер инфляцияның нақты серпінінің болжамды бағдарларына сәйкестігін, сондай-ақ ішкі және сыртқы тәуекелдердің теңгерімін ескере отырып қабылданатын болады.
Базалық мөлшерлеме бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 7 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жарияланады.