Биыл "Қазақстан аруы" байқауы өтпейтін болды
Ұлттық сұлулық байқауы Нұр-Сұлтан қаласындағы дәстүрлі орасан зор думанды келесі жылға ауыстыру туралы түбегейлі шешім қабылдады. Байқаудың ұйымдастырушылары мен қатысушыларының назары қайырымдылық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады, деп хабарлайды zakon.kz.
Коронавирус пандемиясы миллиондаған адамдардың әдеттегі өмір сүру дәстүрін бұзып, әлемдегі тәртіпті өзгертті. Бүкіл әлемдегі адамзаттың тап болған экономикалық қиындықтарын адам ресурсының шығынымен салыстыруға келмейді: жүз мыңдаған адам covid-19 індетінен көз жұмды. Бейбіт заманда жақындарың мен достарыңнан айырылған қандай қорқынышты…
"Осындай қиын-қыстау уақытта финалды ауыстыру туралы шешім қабылдай отырып, барлық күш-жігерімізді "Сұлулық пен мейірімділік" әлеуметтік жобасын дамытуға бағыттауды жоспарлап отырмыз, - дейді ұлттық сұлулық байқауының директоры А. Қырбасова. – Тек бірлескен күш-жігер, еріктілер қозғалысына, қайырымдылық жобаларына белсенді қатысу арқылы ғана біз көрінбейтін жауды жеңе аламыз", делінеді хабарламада.
Қатаң карантиннің алғашқы күндерінен бастап-ақ ұлттық сұлулық байқауының финалистері еріктілер қозғалысына қосылып, белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді. Олар азық-түлік себеттерін жасап, оларды дүкенге бара алмайтын мұқтаж қарт адамдарға, тәулік бойы жұмыс істейтін дәрігерлерге жеткізді. Ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастырушылары Қазақстанның ең сұлу қыздарының әлеуметтік бастамасы еліміздің барлық жастары үшін жоғары мотивация және адамгершілік бағдар болатынына сенеді.
ҰСБ директорының айтуынша, үміт, жақсы нәрселерді ойлау және жақсылыққа сену адамдарға жаһандық індеттің қорқынышты салдарын жеңуге мүмкіндік береді.
"Қазақстан аруы" дирекциясы "Әлем аруы" және "Дүниежүзі аруы" сияқты ірі брендтермен алқалы ынтымақтастықта, олар да биыл ресми салтанаттардан бас тартып отыр.
Сондай-ақ ұлттық сұлулық байқауы 2020 жылға жоспарланған "Қазақстан аруының" аймақтық іріктеу турларының бәрі онлайн форматта өтетіндігін хабарлайды.