Жаркентте тәртіп орнады
Панфилов ауданында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
23 қазан күні басталған арнайы алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігімен қатар, елдімекен ішіндегі тазалық, қоғамдық орындардағы тәртіп және санитарлық-карантиндік шектеулердің қатаң сақталуы мәселелерін назарға алды.
"Профилактикалық шара барысында жол қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 151 дерегі әшкереленіп, әкімшілік хаттама толтырылды. 6 автокөлік айыппұл тұрағына тоғытылды. Олардың қатарында көлікті құжатсыз басқару, тіркеу нөмірлері жоқ көлікті тізгіндеу және міндетті сақтандыру талабын орындамау фактілері бар", - деді Панфилов ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Айдар Омаров.
Сонымен қатар, полицейдің ақпараты бойынша, тексеру барысында темір тұлпарын заңсыз қайта жабдықтаған, қозғалыс кезінде жолдың қарсы бағытына шығып кеткен және бағдаршамның қызыл түсін ескермеген жүргізушілер де ірі көлемде айыппұлдар арқалаған.
Облыстың бас полицейі Серік Кудебаевтың халықпен онлайн кездесуі барысында шағым түсірген Панфилов ауданы тұрғындарының ұсыныстары ескеріліп, Жаркент қаласының орталық базар маңындағы жол қозғалысы да тәртіпке келтірілді.
"Арнайы шара кезінде 11 көліктің терезелері қараңғыланғандары анықталды. Көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Головацкий көшесіндегі заңсыз сауда ошағы таратылды. 20 адамға айыппұл салынып, 30 сатушыға ескерту жасалды. Полицейлер аудандағы санитарлық талаптардың сақталуын да бақылауға алды. Қала орталығындағы көліктердің қозғалысы мен тұраққа қойылуы қалыпқа келтірілді", - деп толықтырды полиция майоры Айдар Омаров.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қазан күні әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген генерал-майоры Серік Кудебаевқа Панфилов ауданының тұрғындары хабарласып, ауданда құқықтық тәртіпті қадағалауды күшейтсе деген өтініш білдірген болатын.