Ердоған түріктерді француз тауарларын алмауға шақырды
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған отандастарын француз тауарларын алмауға шақырды. Бұған Францияның радикал исламға қарсы қатаң ұстанымы себеп болды. Соңғы күндері осы мәселеге байланысты НАТО-ға мүше екі елдің арасы ушығып тұр, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
Ердоған 26 қазанда Франция президенті Эммауэль Макронды "психиатриялық экспертизадан" өтуге тағы да шақырды. Екі күн бұрын Түркия президентінің осындай сөзі үшін Париж Анкарадағы елшісін елге қайтарған еді.
"Франциядағылар "түрік белгісімен шыққан тауарларды алмаңдар" деді. Ал мен өз еліміздегі азаматтарға өтініш айтамын. Ешқашан француз белгісі бар тауарларға басымдық бермеңіздер, оларды сатып алмаңыздар" деді Ердоған теледидарда сөйлеген сөзінде.
Франция 17 қазандағы Самюэль Пати есімді мұғалімнің қазасынан қатты есеңгіреді. Сөз бостандығы тақырыбына сабақ өткенде мұғалім Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен, содан көп ұзамай исламист содыр оның басын кесіп алған.
Алғаш рет Charlie Hebdo сатиралық журналында жарық көрген бұл карикатуралар 23 қазанда Франциядағы үкімет ғимараттарына сәулемен түсірілді, бұл ислам әлемінің наразылығын туғызды. "Франция өз карикатураларынан бас тартпайды" деді Макрон.
Макрон карикатураларды жақтап шыққан соң, мұсылман және араб елдерінде француз тауарларын алмауға үндегендер көбейді.
Катар мен Кувейттің супермаркеттерінде француз тауарларына бойкот әлі жүріп жатыр. Француз тауарларынан бас тартуға шақырған үндеулер Иорданияда және басқа да елдерде көп айтылды.
Түркия статистика қызметінің мәліметі бойынша, Түркияға келетін тауар көлемі жөнінен Франция 10-орынды, ал түрік тауарларын қабылдау жөнінен 7-орынды алады. Француз көлігі – Түркияда ең көп сатылатын тауардың бірі.
Түркия мен Франция НАТО-ның мүшелері, бірақ олар көп мәселе бойынша келіспейді. Даулы мәселелер қатарында Сирия мен Ливия, Жерорта теңізінің шығысын бөлісу және Таулы Қарабақ жанжалы бар.