Халықты таза ауыз сумен қамту – Үкіметтің стратегиялық міндеті
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселесі қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Қостанай облысының әкімінің бірінші орынбасары Г. Нұрмұхамбетова баяндама жасады.
Бүгінгі таңда орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда – 97,2%, ауылдарда – 86,4% құрайды.
100% орталықтандырылған сумен жабдықтау Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында, ауылдар бойынша Алматы (98,8%), Атырау (98,4%) және Қызылорда (97,2%) облыстарында қамтамасыз етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік бойынша төмен көрсеткіштер Қостанай (61,1%), Жамбыл (72,6%) және Павлодар (73,3%) облыстарында байқалады.
53 қалада кәріздік тазарту құрылыстарын салу, реконструкциялау және жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде, қаржыландыру көздері (АДБ және ЕҚДБ займдары) айқындалды, жобалық құжаттаманы дайындау жүргізілуде.
"Халықты таза ауыз сумен жабдықтау мәселесі Үкіметтің стратегиялық міндеті және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Әр әкімдіктің елді мекендерге тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспары болуы керек", – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Осы мәселедегі маңыздысы, топтық су құбырларының инфрақұрылымын жасау және ауылдардың шекарасына дейін жеткізу керек. Бұл жұмыс желілерді елді мекендердің ішінде тартумен үйлесімді жүргізілуі қажет.
Премьер-Министр жобалардың шығындарын қысқартып, жергілікті қамтуды дамыту мақсатында сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, сондай-ақ отандық өндірушілердің материалдарын пайдалануды тапсырды.
Экология министрлігіне топтық су құбырларын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, оларды салу және реконструкциялау жобаларын уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте 2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін, ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет екені атап өтілді.
Индустрия, ұлттық экономика, қаржы, экология, денсаулық сақтау министрліктеріне халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу мақсатында қызмет көрсетуді және қарызды өтеуді ескерумен кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру тетігін заң жүзінде бекітуді қамтамасыз ету тапсырылды.