Ескі көліктерді қабылдау 11 қаңтарда басталады
Қолдануға жарамайтын машиналарды қабылдау Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Өскемен және Шымкентте — 11 қаңтардан, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Петропавл және Оралда — 18 қаңтардан, ал Алматыда 1 ақпаннан басталады, деп хабарлайды zakon.kz Kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Утилизациялау бағдарламасына жауапты "Оператор ӨКМ" ЖШС-нің мамандары Kolesa.kz тілшісіне хабарлағандай, қабылдау орындарын толық тазартып алу үшін көлік өткізу мерзімін шегеруге тура келді.
Сонымен қатар компания мамандары Қазақстанда 2021 жылы АЕК мөлшері артқандықтан, машина өткізген азаматтарға төленетін сома да көбейгенін айтты. Биыл толық жиынтықтағы машинаға мұнша ақша беріледі:
М1 категориясына — 210 024 теңге;
М2, N1, N2 категорияларына — 420 048 теңге;
М3, N3 категорияларына — 630 072 теңге.
Жүк көліктері мен автобустарды сертификатқа айырбастау мәселесі әлі қаралып жатыр. Жеңіл көліктерге сертификат берілмейді.