"Отбасы Банк" зейнетақы ақшасын аудару үшін арнайы шоттар аша бастады
Тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу мақсаттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды көздеп отырған БЖЗҚ салымшылары ""Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-да ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) онлайн режимде арнайы ағымдағы шот аша алады, деп хабарлайды zakon.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін уәкілетті операторында тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу мақсаттарына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін алушымен ашылатын ағымдағы банк шоты.
"Отбасы Банк" АҚ-ның клиенті болып табылмайтын зейнетақы қорының салымшыларына арнайы ағымдағы шоттар ашу үшін:
· ЖССБ24 мобильді қосымшасын жүктеп, құрылғыңызға қондыру қажет (IOS және Android).
· Қосымшаның басты бетінің төменгі жағындағы "Біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу" пернесін басыңыз.
· Сосын қолданыстағы ұялы телефон нөмірін және ЖСН енгізіңіз.
· Ұялы телефон нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі.
· Келген кодты енгізіңіз
· Сканерлеу үшін жеке куәлігіңізді дайындап қойыңыз.
· Енді өзіңізді куәландыру қажет. Экранға қарап, қиын емес бірнеше іс-әрекетті орындаңыз.
· Верификациядан сәтті өткеннен кейін клиент сауалнамасындағы жеке деректерді толтырыңыз.
· Деректерді өзгертуге арналған өтінішпен, Банктің стандартты талаптарымен және біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу туралы өтінішпен танысыңыз.
· Бұл әрекет расталу үшін сіздің нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі, келген кодты енгізіңіз.
· Әрі қарай, интернет-банкингке кіру үшін пароль ойлап тауып, енгізіңіз. Мобильді қосымшаға жылдам кіру үшін 4 саннан тұратын пасскодты ойлап тауып, енгізіңіз.
· Біржолғы зейнетақы төлемі аударылатын арнайы ағымдағы шот ашылды!
"Отбасы банк" клиенттері үшін арнайы шот онлайн-платформада біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы өтініш беру барысында ашылады. Платформа біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері бекітілгеннен кейін іске қосылады.
Сондай-ақ арнайы шотты "Отбасы Банк" АҚ сайтындағы бейне қоңырау қызметі арқылы да ашуға болады.
Арнайы шот ашу операциясы дүйсенбіден сенбіге дейін (қоса алғанда), 9:00-ден 21:00-ге дейін болады.
Бүгін біз БЖЗҚ салымшыларына мақсаттарына бір қадам жақындап, арнайы шотты онлайн ашуды ұсынамыз. Бұл біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініш берген кезде, тұрғындарымыздың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді банктің басқарма төрайымы, Ләззат Ибрагимова.
"Отбасы Банк" уәкілетті оператор ретінде зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашуға және жүргізуге, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін аударуға байланысты агенттік қызметтер көрсеткені үшін комиссия алмайды.