Жаңалықтар тізбегі
0

Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек – экономист

Depositphotos, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.01.2021 21:05 Depositphotos
Арамызда жүрген жағымпаздармен амандаспайық.

"Біздің қоғамда бойымызға әбден сіңіп, әбден ушығып кеткен дерт көп. Оның ішіндегі ең ауыры һәм ірісі екеу – жемқорлық пен жағымпаздық. Осы екеуінің асқынғаны сонша – бұл анти-қасиеттер қазір ұлтымыздың төл мәдениетіне айналып барады" деген пікірін экономист, Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс экс-кеңесшісі Олжас Құдайбергенов әлеуметтік желіде жайып салды.

Иә, кеше ғана президент кеңесшісі болған кісінің мұндай пікірі көпшілікті елең еткізді, деп жазады "Жас Алаш" газеті.

"Бұл қоғамда тіпті жемқорлықты жақтайтын пікірлер де бар, параның бюрократияны жеңетін қасиеті, заң бойынша алуыңа болатын жақсылығыңа қолыңды тезірек жеткізетін игілік екенін ашық мойындауға да баратынымыз рас. Жағымпаздықты қазақтар ізеттілік мен құрмет деп қабылдап, тіпті "Жақсы сөз – жарым ырыс" деген мақалды қоса қыстыратынын қайтерсіз?" – дейді пост авторы.

Жемқорлықтың не екенін бәріміз білеміз. Оны әркім өзінше ақтауға тырысады. Айыппұл төлейтін ақшасы жоқ кедейлер гаишникке параны амалсыз береді. Кезекті ірі жобасына қол жеткізу үшін бай олигарх та беретін жерде бармақ басты, көз қыстыға жүгінеді. "Параны бермеске болмады, ақшаны алмасыма болмады" дегендей, әркім өзінің жемқорлығын ақтайды. Әйтпесе бәрі құрып қалатындай көрінеді. Жұртты тыңдасақ, осы жемқорлықтың арқасында Қазақстанда бәрі жайнап тұр. Тойымсыздық вирусы құндылықтарды түбегейлі өзгертіп, біз әбден ашкөздендік. Істеген ісіміздің бәрін мұқтаждық дейтін болдық. Қарыз алып, оны қайтармасаң да, бала-шағамды асыраймын деп, ақша ұрласаң да, бәрін мұқтаждыққа жаба саламыз.

Ал мынау жағымпаздықты қалай түсінеміз? Онда мұқтаждық жоқ қой!? Жағымпаздық, тіпті, жемқорлық сияқты қылмысқа да жатпайды екен. Жағымпаздар жарысына жұрт жаппай түсіп жатқанда, арамыздағы жағымпаз біреулердің өзін тіпті жағымпаз деп санамайтынын қайтерсіз?! Мен ақша үшін емес, мандат-қызмет, басқа да бірдеңеге жету үшін мақтап отырған жоқпын, деп тұрып жағымпазданатындар да жетеді. Жағымпаздықпен ғана жүріп-тұратын адамдар шықты. Ең сұмырай адамдар да іштей өзін жақсы адам санайтындай, бұл жағымпаздар да жақсылықты айтып, қоғамға үлкен пайдамды тигізіп жатырмын деп санайды. Ондай деңгейге түскен адамдардан елге жақсылық күту бекер-ау.

Жағымпаздыққа не жетелейді? Сараңдық пен дегбірсіздік, лайық болсын-болмасын шен-шекпен жамылуға деген асығыстық және өзін төмен бағалау себеп шығар. Кісі сүйсінетін қылығың мен қасиетіңнің жоқтығын білдірмеу үшін оның орнын мақтаумен, мадақпен толтыра саласың. Бәрі жағымпаздықтың арқасында адам болып жатқанда, мен де қалмайын деген мінезсіздік. Қорқақтық. Жұмыстан ертең шығып қалмайын, жазаланып қалмайын деген үрей. Осының бәрі, сайып келгенде, елімізде асқан жағымпаздар қарасын көбейтті.

Біздің қоғам бұл дертке қарсы күресе ала ма? Қоғамның жағымпаздық дертіне қарсы туабітті иммунитеті бар ма? Бұл дерттің асқынуына жол бермей, бірер уақыт ауырып жатып, түбі жазылып кетуге көмектесетін? Әлде жағымпаздарды көкке көтеріп, той-томалақтарға шақырып, бірінші болып сөз беріп, төрге шығаруымызды жалғастыра береміз бе? Олармен күлімсіреп амандасып, желіде жазғандарына лайк басып, бұрынғыдай комменттерімізді үйіп-төге бермекпіз бе? Бетіне қарап жымиып, жағымпаз екенін үйде ғана қатынға қашанғы өсектейді екенбіз? Қайран елім, қазағым деп қойып, жағымпаздарға қашанғы көз жұма берер екенбіз?

– Ел өзгерсін десеңіз, біреуге қарамай, нақты өзіңізден бастаңыз. Өзгені, қоғамды, елді емес, өзіңді өзгерт. Былай істейік: бұдан былай арамызда жер басып жүрген жағымпаздармен араласуды, амандасуды қойсақ. Оларға игнор десек, ә! Істеген ісі мен айтқан сөзін мақұлдауды доғарайық. Оларға жұмсап жүрген уақытымыз бен назарымызды енді бойында жағымпаздығы жоқ қазақтарға неге арнамасқа?! Жағымпаздар өте зиянды адамдар! Елге пайда тисе, жағымпаз еместерден тиеді. Осылай біз өзіміз өзгеріп кетсек, біздің қоғам да өзгеруі бек мүмкін. Әйтпесе билікке кім келсе де, ескі мәдениет, ескі ережелер қала береді, – дейді Олжас Құдайбергенов.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: