Нығматулин: акциздерді үйлестіру темекінің заңсыз айналымын тежейді
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин темекі өнімдеріне арналған акциздер мөлшерлемелерін айқындау кезінде нарықтың өзгеруіне жедел ден қою Қазақстанның мүдделерін сақтауға да, ЕАЭО-тың тиісті келісімі шеңберінде еліміздің міндеттемелерін орындауға да ықпал етеді деп есептейді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды.
Келісімге сәйкес 2024 жылдан бастап ЕАЭО елдері темекіге 1 мың дана үшін 35 евро индикативтік мөлшерлемені тиісінше 20% - ға ауытқу құқығымен қолдануы тиіс.
Бұл ретте темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен үйлестіру көзделеді.
Осы заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин егер ұлттық валютаның еуроға қатысты бағамы өзгерсе бұл темекіге акциздің мөлшерлемесіне, сондай-ақ бөлшек сауда бағаларына қалай әсер ететініне көңіл бөлу керектігін айтты.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев түсіндіргендей, бағам күрт өзгерген жағдайда ЕАЭО-ға мүше елдердің әрқайсысы акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қайта қарауды сұрап, Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге құқықы бар және шешім толық консенсусқа қол жеткізілген кезде, яғни ЕАЭО-ның барлық мүшелері келісетін кезде қабылданады.
Осыған орай, Нұрлан Нығматулин бұл жерде көп жағдай Ұлттық экономика министрлігі қызметкерлерінің, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиядағы өкілдердің, олардың курстың барлық өзгерістеріне жедел іс-әрекет етулеріне байланысты болатынын атап өтіп, осы Келісім шеңберінде Қазақстанның мүддесін, еліміздің міндеттемелерін де сақтау мақсатында уақытылы шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Жалпы, заң жобасы темекі өніміне арналған акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру жолымен ЕАЭО шеңберінде темекі өнімдері нарығының жұмыс істеуі үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл темекі өнімдерінің заңсыз айналымын тежеуге мүмкіндік береді.