"Аңсаған сәби" 42 жастан асқандарға квота бермейді
2010–2019 жылдар аралығында отандық репродуктологтар ЭКҰ-ның 7,5 мың циклін жүзеге асырған. Кейінгі жылдары мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда жыл сайын жүзеге асырылатын осындай процедуралар саны 11,2 мыңға дейін ұлғайды. Соның ішінде 1 мыңы медсақтандыру аясында жасалған, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Нәтижесінде, 2020 жылға дейін елде ЭКҰ арқасында 3 мыңнан аса бала дүниеге келіпті. Бірақ бұл – теңізге тамған тамшыдай ғана.
Салыстыру үшін айтсақ, Ресейдің Мәскеу облысы мериясының мәліметінше, облыста 2020 жылы ЭКҰ арқасында 2 мыңнан аса бөбек дүниеге келген. Бір жылда бір облыстың өзінде 2 мың. Осыдан-ақ алпауыт көршінің қарқынын мен қарыштаған адымын бағамдаңыз.
Өткен жылы Президент Үкіметке мемлекет қаржыландыратын ЭКҰ санын 7 мыңға дейін жеткізуді жүктеді. Бұл квота алу мақсатында кезекте тұрған қазақстандықтар санын елеулі түрде қысқарту үшін керек.
Денсаулық сақтау министрлігі президенттік тапсырманы іске асыру аясында биыл "Аңсаған сәби" атты арнайы бағдарламаны қолға алды.
Алайда бағдарлама тіпті сақтандырылғандардың бәріне бірдей қолжетімді болмай шықты. Соның бірі 42 жасар Назгүл Есімжанова біраз жылдан бері өз бөбегін мәпелеуді армандап жүр. Содан ол ЭКҰ квотасына өтініш береді.
Комиссия квота беруден бас тартты. Себебі ДСМ №272 бұйрық қабылдаған екен, оған сәйкес, 18–42 жас аралығында шектеу қойып тастапты. Бұл тыйым қаншалықты заңды? Неге 42 жастан кейінгілердің құқығы аяққа тапталады? Біз кемпір емеспіз ғой. Аяқ-қолым балғадай, қылшылдаған жас шағым. Квотаға 42 жас та кіреді, бірақ комиссия оны 41 жас + 12 ай деп есептейді. Салдарынан, квота алғанша 42-ден асып кетеді. Басқа критерийлер бойынша бүкіл көрсеткішім сәйкес келеді. Президенттің өзі квота саны 7 есе арттырылғанын айтты ғой. Сондықтан құжаттарға өзгеріс енгізіп, менің жасымдағы аналарға да перзент сүюге мүмкіндік берсе деймін. Әділдік қалпына келтірілсе деп тілеймін. Қолымда барлық қажетті зерттеу мен анализ бар, – дейді ол.
Демографтардың айтуынша, қазіргі кезде жас келіншектердің көбі қырық жасқа дейін мансап-карьераға көбірек мән береді. Жұмыс орнында жетістікке жеткеннен кейін ғана бала тууға көңілі құлайды. Сөйтіп, кешігеді. Бірақ мамандардың байламынша, қырықтан асқан әйелдерден ең жақсы, сабырлы әрі мейірімді ана шығады.
Дегенмен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ДСМ-ның Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің қорытындысына сілтеме жасап, "Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" өзінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы бұйрығына ондай өзгеріс енгізілмейтінін білдірді.
Бұйрыққа сәйкес, МӘМС арқылы жасанды ұрықтандыру рәсімін өткізуге іріктеу критерийінің бірі – пациенттің жасы: ол 18–42 жас (қоса алғанда) аралығында болуға тиіс. Сондай-ақ қалыпты соматикалық, эндокриндік мәртебесі, қанағаттанарлық овариалдық резерві болуы қажет. Жалпы, 2020 жылғы жаңа Денсаулық кодексінің 12-бабына сай, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру, соның ішінде МӘМС аясында ЭКҰ квотасын тарату жергілікті әкімдіктердің құзырына кіреді. Сондықтан әйелдер бұл мәселемен жергілікті әкімдіктің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссиясына жүгінгені жөн, – деді ДСМ.
Қазақстандық акушер-гинеколог, репродуктолог, академик, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин әйел адам есейген сайын ЭКҰ тиімділігі де төмендейтінін растады. Яғни, бюджеттің тиімді жұмсалуына баса көңіл аударған мемлекет "тиімділігі аз" аналарға мән бермеуге ұйғарғандай. Ал дамыған елдерде, мысалы, Еуропа мен Израильде бала туғысы келетін әрбір анаға құрмет көрсетіліп, тегін ұрықтануына барлық жағдай жасайды.
Әлем бойынша алып қарайтын болсақ, бізде ЭКҰ рәсімдері арзан. Мысалы, Өзбекстанның өзінде бұл процедура құны 850 мың теңгеден басталады. Қазақстанда ақылы негізде 450 мың теңгеге жасатады. Рас, оған әртүрлі дәрілер мен рәсімдер шығынын қосқанда, 1 миллион теңгеден асуы мүмкін. Бұл азаматтар үшін қымбат. Елімізде әрбір 5-6-шы отбасы бедеулік мәселесіне тап болуда. Азаматтардың репродуктивті жүйесіндегі уақытында емделмеген аурулар, гормоналды ауытқулар, тұқым қуалаушылық, түсік жасату, контрацепцияны сауатсыз, беталды ішу соған соқтырады. Отбасында бала болмау жағдайларының жартысында, 50%-ында оған ер адам кінәлі, – дейді репродуктолог Вячеслав Нотанович.
Сондықтан тұйықтар шығар жол – экстракорпоральды ұрықтандыру.
Әйелдің жасы ұлғайған сайын ұрықтану мүмкіндігі де құлдырайды. 44 жастан кейін ол нөлге жуықтайды. Сол себепті көптеген мемлекет біздегідей ЭКҰ талаптарына ғана қаржы бөлумен шектелмейді, олар әйел бала туғанға дейін қанша бағдарлама керек болса, соның бәрін қаржыландырады. Мысалы, Израиль ЭКҰ бағдарламасын шексіз көлемде ұсынады. Ана болғысы келетін нәзік жыныстыларға Франция – 4, Аргентина – 3, Ресей міндетті сақтандыру қоры арқылы 2 бағдарлама ұсынады. Қынжылтатыны сол, халқы аз Қазақстанда МӘМС қоры небәрі 1 бағдарламаны қаржыландырады. Оның үстіне квота күткен аналарға кезекте 3-4 жыл тұруға тура келеді, – дейді академик Вячеслав Локшин.
Оның дерегінше, дамыған елдерде жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің ішінде 7%-ға жуығы – ЭКҰ жемісі. Қазақстанда бұл 0,7%-дан да аспайды.
Репродуктолог-ғалымдар Үкіметке ЭКҰ-ны ақырғы мақсатына жеткенше қаржыландыру туралы ұсыныс берді. Қазақстан "әр ана – менің жалғызым" дейтін аянышты жағдайда. Ендеше баланы өмірге әкелгісі келетін жанды жасына қарай таңдап немесе бір байқап көріп, бірден нәтиже шықпаса, тастай салғаны – нағыз қателік.
Жанат Ардақ