Ұсақ сыйлық, жемқорлықты "байқамау" – Әкімшілік кодекске өзгерістер енгізілді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласының департамент басшысының бірінші орынбасары Д.Таумұрат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хаттама толтыратын болады
Кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзіретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілді – деді Д.Таумұрат.
Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті.
Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.
Осылайша, Д.Таумұраттың сөзінше, Агенттікте қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті барлық құралдар бар.
Шенеуніктер құны 2 АЕК-ге дейін сыйлық алғаны үшін 1,8 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін
Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушысы Р.Тайтулеев әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың нақты құрамы туралы егжей-тегжейлі айта келе, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі туралы баяндады. Атап айтқанда, өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса көзделген жауапкершілік туралы айтып берді.
Бұл жағдайда жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, – деді Р.Тайтулеев.
Ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің жоқтығын түсіндіре отырып: "Егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады", - деп атап өтті.
Қазақстандықтар заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге, - деді спикер.
Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн.теңгеден астам.
Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн.теңге төлейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны үшін лауазымды тұлғалар 300 мың теңге айыппұлмен жазаланады
Спикерлер брифингте жемқорларға ықпал ететін қылмыстық-құқықтық шаралар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар арсеналындағы жалғыз қару бола алмайды және болмауы тиіс деді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды саналатын, мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады - деді Д.Таумұрат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамау – "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңда белгіленген бірқатар талаптарды білдіреді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, мүдделер қақтығысын болдырмау, қаржылық бақылау шаралары, басшылардың тікелей қарамағындағы сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі, квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтерді міндетті түрде енгізу.
Тиісінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қолданыстағы заңнамада қарастырылған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларына әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті, - деді ол.
Бұрынғы жемқорларды жұмысқа қабылдағаны үшін 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынады
Д.Таумұрат хабарлағандай, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Бұл жерде маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өткім келеді. Енді биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды, – басшының бірінші орынбасары.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғауды күшейтеді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қарауына ӘҚБтК-нің кәсіпкерлік қызмет саласындағы баптары бекітілген, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу аясында шетелдік және отандық инвесторларды қорғау тұрғысынан Антикордың әлеуетін күшейте түседі.
Менің ойымша, әкімшілік заңнамадағы жаңа құзырет Агенттік үшін осы басым бағыттағы – кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғаудағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Д.Таумұрат.