"Дипломмен ауылға": биыл 2,3 млрд теңге көтерме ақы бөлінбек
Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағаты барысында "Дипломмен ауылға" және "Ауыл-ел бесігі" жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz.
Вице-министр өз сөзінде "Дипломмен ауылға" жобасы шеңберінде 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы және 1500 АЕК-тен аспайтын сомада тұрғын үйге бюджеттік кредит төлеу түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көзделгенін еске салды.
Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері (2009 жылдан 2020 жылға дейін) 77 мыңнан астам маман 19,5 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алды, және 36 мың маман 105,3 млрд теңге сомасында тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит алды, деді Әлібек Қуантыров.
Ағымдағы жылда 4,5 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитке 20 млрд теңге және 8 мың маманға жалпы сомасы 2,3 млрд теңге көтерме жәрдемақы беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы баяндады. 2019 жылдан бастап "Ауыл-ел бесігі" жобасы іске асырылуда. Оның айтуынша, 2019-2020 жылдары жоба шеңберінде даму әлеуеті бар 238 ауылда жолдарды, әлеуметтік инфрақұрылымды және ТКШ жақсартуға бағытталған 1 512 жоба іске асырылған.
Ұлттық экономика министрлігі басшысының орынбасары хабарлағандай, "Ауыл – ел бесігі" жобасын одан әрі іске асыру Қазақстан Республикасын аумақтық дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалғасатын болады. Ол өз кезегінде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарының құралы болып табылады.
"Ауыл –ел бесігі" жобасының негізгі мақсаты ауылдағы өмір сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.
Ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін қажетті мамандармен нығайту, диплом алған кадрларды ауылдық жерлерде бекіту мақсатында "Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен мамандарына және ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға бағытталған.